"Сенің еңбегің": Әділхан Макин Димаш Құдайбергенге алғысын білдірді
Опубликовано:
"Славян базары - 2019" байқауының бас жүлде иегері Әділхан Макин өз жеңісінен кейін алған әсерімен бөлісті. Жас әнші аталмыш фестивальде 2015 жылы топ жарған жұлдызды отандасы Димаш Құдайбергенннен кейін жеңімпаз атану ерекше сезімге бөлегенін де жасырмады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Витебскте өткен ән байқауында Қазақстан атын шығарған Әділхан Макин өз жеңісінде Димаш Құдайбергеннің еңбегі зор екенін айтты. Отандасының ізімен "Славян базарын" бағындырған қазақстандық оған алғысын білдіріп, болашақта ол іспетті ел намысын әлемдік сахнада қорғағысы келетінін жеткізді. Алғашқы әсерімен ол өзінің Instagram парақшасында бөліскен.
"Қуанышым қойныма сияр емес. Барлықтарыңыз бақытты болыңыздар, ауырмаңыздар. Жеңімпаз болу шынымен керемет екен. Әсіресе, Димаштан кейін жеңіске жету ерекше сезімге бөлейді. Димаш, егер көріп тұрған болсаң, аман болшы, сау болшы.
Сенің де еңбегің бар бұл жеңісте. Бақытты бол, бауырым. Түгел қазақ еліне, барша жастарға айтарым жастар жылында өзімізді көрсетейік. Біздің мемлекетіміз бізге қолдау білдіріп отыр. Қазақстанды жаңа деңгейге көтерейік. Елімізді Димаш сияқты әлем бойынша таныта берейік. Алла тағала бізге де сондай мүмкіндікті бұйыртсын" , - деп ағынан жарылды әнші.
Айта кетейік, Әділхан Макин Витебскте өткен "Славян базарының" жеңімпазы атанды. Желіде қазақстандық әншінің өнер көрсеткен сәтінен видео пайда болған. Ол өзінің ерекше ән орындау қабілетімен елді таңдай қақтырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1804889-seni-ebegi-dilhan-makin-dimas-kdajbergenge-algysyn-bildirdi/