Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұйып тыңдады": Тұңғышбай Жаманқұлов Тоқаевпен кездесуі жайлы айтып берді

Опубликовано:

Тұңғышбай Жаманқұлов мемлекет басшысымен кездесуі жайлы айтып берді. Халық әртісі осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған деп жазады "Жас қазақ" басылымы.

Тұңғышбай Жаманқұлов, Тоқаев. Фото: Ақорда
Тұңғышбай Жаманқұлов, Тоқаев. Фото: Ақорда: Instagram

Басылым тілшісі актерден президентпен кездесу барысында не айтқанын сұраған.

"Осыдан бірер апта бұрын мемлекет басшысымен кездестіңіз. Араларыңызда қандай әңгіме болды, не сұрады, не айттыңыз?", - дейді тілші.

Ал өнер иесі мемлекет басшысы алдында жеке басының мәселесін қозғамағанын жеткізді.

"Не айтушы едім? Алдыңғы толқын ағалар сияқты, өзіне орден, атақ, бала-шағасына қызмет сұрайтын әдетім жоқ. Осыған үйренбеппін. Ондайға аузым бармайды. Мемлекет басшысымен жеке бастың қамын әңгімелеуді ұят санаймын. Өзі біліп, сұрап жатса - әңгіме басқа… Онда да "өйте қойыңыз, бүйте қойыңыз" деп міндетсіну - еліңді де, басшыны да сыйламау деп есептейтін ұрпақтың өкілімін ғой…
Ел арасындағы қадырыңды білетін басшы, қалауыңды сұратпай береді деп ойлаймын. Атақ пен орден сұрап, ел-жұртты ығыр қылған ағаларымыз бар ғой. "Анау деп, мынау деп" өзінен басқа ешкім жоқтай, біреуді жамандап, бір шенеунікті мақтап, жағымпазданып жүріп, әйтеуір дегеніне жетіп жүр. Аман болсын", - деді Жаманқұлов.

Сондай-ақ актер президенттің өнер әлемінің қоғам мен ел өміріндегі орнын жақсы білетінін жеткізді.

"Менің мемлекет басшысынан сұрайтыным - өзім өмірімді арнаған қазақ театр өнерінің қамы мен қадірі. Қазақстанның театр қайраткерлері одағының төрағасы болғандықтан, еліміздегі 56 театрдың тыныс-тіршілігін жақсы білемін. Ондағы әріптестерімнің "қара суға зар" әлеуметтік жағдайларын былай қойғанда, шығармашылық аштықтарына қанықпын. "Қарағайдай мүйізіңді қайтейін, серкелікке жарамасаң" деген қазақта сөз бар ғой.
Өнер әлемінің қоғам мен ел өміріндегі орнын мемлекет басшысы жақсы біледі. Қазіргі кездері қоғамда орын алып отырған идеологиялық кемшіндікті кәсіби өнер иелері толтыратынынан хабардар, дегдар адам ғой. Ұйып тыңдады.
Өнер академиясындағы, кино төңірегіндегі кірбіңдер де сөз болды. Бес-алты жыл бойы бірде-бір ұсыныс-тапсырыстарымыз талақ етіліп, "Қазақстан театр қайраткерлері" одағын қолдауға тиісті министрлікке құлағдар етемін деген сыңай танытты", - деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Еске сала кетсек, 31 шілдеде президент Тұңғышбай Жаманқұловпен кездесті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1812015-jyp-tydady-tgysbaj-zamanklov-tokaevpen-kezdesui-zajly-ajtyp-berdi/

pixel