"Талай есікті қақтым": Жаманқұловтың басына іс түскенде кімдер теріс айналған?
Опубликовано:
Отандық театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов басына іс түскен кезін есіне алды. Сахна майталманы өзі үшін аса қиын әрі ауыр болған сәтінде қасынан өнердегі әріптестері табылмай қалғанын жайып салды деп жазады Youtube желісіндегі "Қарақатпен шай" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Жаманқұлов басына іс түскенде қасынан тек ет-жақындары ғана табылғанын айтып, кезінде ағасы ретінде сыйласып жүрген бірқатар азаматтың өзінен теріс айналғанын жеткізді.
"Менің жанымды ауыртатын сұрақ осы. Қасымнан келіншегім мен шәкірттерім табылды.
Ал әріптестерім табылмады. Аға деп арқа тұтып жүрген мүйізі қарағайдай көкелерім табылмады. Талай есікті қағып, босағадан кіріп, үлкен қызметтерде отырған бауырлары бар, солармен таныс көкелерім "бұларың не?" демеді.
Енді аға дейтін аға қалмады. Өзіміз де ақсақал болып қалдық.
Ақсақал болып, араша түсетін, ортадан ойлы сөз тастайтын, арқадан қағып, кері кетіп бара жатсаң "қой" дейтін, жоғарыдағылар сен туралы теріс пиғыл айтып жатқанда "олай емес" деп айтатын, ашуды басатын аға болмады өнерде" , - деп қынжылды актер.
Айта кетейік, бұған дейін Тұңғышбай Жаманқұлов 82 жасында үйленген Нұрғали Нүсіпжановқа қатысты пікір білдірген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1816761-riptester-tabylmady-zamanklov-basyna-is-tskende-kim-koldau-krsetkenin-ajtty/