Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Салт бұзған жоқпын": Қыз ұзатып жүрген Айдар Тұрғамбек елдің сынына жауап берді

Опубликовано:

Отандық шоу-бизнесте алғашқылардың бірі болып, қыз ұзата бастаған Айдар Тұрғамбек бұл үшін халық тарапынан сынға қалған еді. Алайда "Жігіттер" тобының әншісі ер адамның бойжеткендерді ұзатуын салт-дәстүрге қайшы емес екенін айтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Қарақтпен шай" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айдар Тұрғамбек сұхбат барысында өзін сынға алған кейбір жандардың пікірімен келіспейтінін жеткізіп, өзінің қыз ұзата бастауына не түрткі болғанын айтты.

"Әр адамның өз ойы, өз пікірі бар. Жалпы бұл өрескел салт бұзушылық емес. Салт бұзған жоқпын. Мысалы, қыз ұзатуда айтылатын әнді алайықшы. Бәрін ер адамдар айтады. Ағалары қарындасына, әкелері қызына айтады. Біз де ес білгелі осы әндерді білеміз. Бірақ, әйел адамдардың айтқанын естімегенбіз.
Мен "Қарындасқа тілек" деген әнді осыдан он жыл бұрын жазғанмын. Әнді жазып қойдым. Бірақ, оны бәрі айтып жүр. Мен ән жазып, клип түсірдім. Көп шығындалдым. Бірақ, оны басқа біреулер пайдаланады да. Бүкіл Қазақстанда оны бизнес қылып алды. Сосын бір күні бір қарындасымыз танысым арқылы хабарласты. Мен баяғыдан ұзатады деп ойлап жүр екен.
Мен шынымен, ұзатамын деп ойламадым. Той ортасында ән айтып кетемін деп ойладым. Тойға барған кезімде, маған соңында қызды алып шығуым керек екенімді айтты. Мен келіспедім. Сол кезде той асабасы маған "Сен қолынан ұстап, алып шықпайсың. Шетінде ағалық тілегіңді айтып тұрасың" деді. Басында ұялдым. Бұған дейін ешкім олай істемеген. Сосын, келісімімді бердім. Той Алматыда өтті" , - деп есіне алды әнші.

Өнер иесі осыдан кейін өзін сынға алған желі оқырмандарымен қалай күрескеніне де тоқталды.

"Ең жаман түрме - біреудің ойы. Адам халықтың пікірінен шыға алмай қалады. Мен қазіргі таңда содан арылып жүрмін. Солай сол тойдан басталып кетті. Кейін Instagram-ға салған едім. Біреуі даттайды, біреуі жақтайды. Негізі, бұл қылығымды салт бұзушылық деп есептемеймін.
Себебі, қызды әпкелеріміз жетектеп шыға бастағанына бес-алты жыл болды. Бұған дейін болмаған. Той бизнесінің дамуымен келген жаңашылдық. Барлығы жаңа нәрсе. Бұл біздің оңтүстікте кең тараған. Менің әжем кезінде оларды ағалары көшеге дейін шығарып салып ұзатқанын айтқан. Ол кезде көлік жоқ. Оларды атарбаға салып берген" , - дейді Айдар.

Әнші қыз ұзатқаны үшін қанша табыс табатынын да жасырмады.

"Көбісі тегін ғой. Менің қаншама танысым, жора-жолдастарым, туыстарым бар. Оларды санау мүлдем келмейді. (...) Барына шығамыз. Жағдайы жоқ адамдар да шақырады. "100, 50 мыңға келіп кетіңізші, барымыз осы" деп айтып жатады. Бармасқа амал жоқ. Бүкіліне бір баға деген нәрсе жоқ. Ұзатқан қыздарымның саны 45-ке жеткен жоқ. Жиырма шақтысы бар" , - дейді өнер иесі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1827735-salt-bzgan-zokpyn-kyz-zatyp-zrgen-ajdar-trgambek-eldi-synyna-zauap-berdi/

pixel