Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мәжбүрміз": Отандық әншілер жаппай концерттерін кейінге шегеруде

Опубликовано:

Қазақстандық эстрада жұлдыздары коронавирус пандемиясына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған мәлімдемеге сәйкес, барлық ән сапарларын тоқтатуда. Өнер иелері алдын ала жоспарланып, билеттері сатылып қойған концерттерін кейінге шегеруге мәжбүр болған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото:Instagram/ibragimovserik/kair_n/nurbullin/omirkul_ainiyazov. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото:Instagram/ibragimovserik/kair_n/nurbullin/omirkul_ainiyazov. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Twitter

Шоу-бизнес жұлдыздары еліміздегі коронавирустың алдын алу шараларына байланысты түрлі қалаларда ән кештерін бере алмайтын болды.

Олар жоспарлы түрде өтуге тиіс болған концерттерін президенттің үндеуінен кейін тоқтатып тастаған.

Бір топ әнші өзін асыға күткен жанкүйерлерін орын алған жағдайға түсіністікпен қарауға шақырып, кешірім сұрады.

Ән сапарларын уақытша тоқтатқан өнер иелері қатарында Қайрат Нұртас, Нұрболат Абдуллин, Серік Ибрагимов, Өмірқұл Айниязов және өзге де әншілер бар.

"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін, менің 21 наурыздағы “Тартылыс күші” атты ән кешім кейінге шегерілгенін хабарлаймын! Кештің нақты болатын күні алдағы уақытта белгілі болады. Еліміз тыныш, халық аман болсын! Жаратқан Ием сақтасын" , - деп жазды Қайрат Нұртас Instagram парақшасында.

Нұрболат Абдуллин де өз тыңдармандарын әлеуметтік желі арқылы хабардар еткен.

"Мұқият оқыңыз. Президентіміз елге мәлімдегендей менің де әнсапарым уақытша тоқтатылды. Карантин жағдайына қатысты Меркі, Тараз, Қызылорда қалаларындағы концерттерім кейінге шегерілгенін хабарлаймын.

Билет алған ағайын билетті сақтап қойыңыз.Рұқсат етілген кезде ғана концерт күнін нақты айтатын боламын.

Сол кезде сіздің сақтаулы билетіңіз жарамды болмақ. Бұл менің жеке бас жауапкершілігімде" , - деп жазды ол.

Өмірқұл Айниязов та коронавирус пандемиясы салдарынан бірнеше концертін шегеруге мәжбүр болған.

"Қайырлы кеш! Амансыздар ма? Дәл қазір еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы, деніміздің сау болуы аса маңызды болып тұрған кезең. Ол қай уақытта да солай болған, бола да бермек. Өздеріңіз білесіздер, бүгін мемлекет басшысының қаулысымен, 13 наурыздан бастап көпшілік жиналатын барлық мәдени шараларды ұйымдастыру тоқтатылатын болды. Яғни, әлемде болып жатқан ахуалға байланысты сақтық шаралары жүзеге асу қажет.

Осы орайда, сіздерге 16 наурызда Қызылорда және 18-і күні Ақтау қаласында жоспарланған концертім кейінге шегерілгенін хабарлаймын. Қазақстанның қай түкпіріндегі болмасын, әрбір тыңдарманмен қауышу - үлкен бақыт, зор мәртебе. Сондықтан бұл мен үшін өте өкінішті жағдай.

Дегенмен, алдын алу шараларын толығымен орындап, осы бір сынақтан бірігіп өтуіміз де маңызды. Сіздермен әлі талай кештер мен концерттерде жолығатын боламыз! Оған кәміл сенемін! Аман болайық" , - деп жазды әнші.

Серік Ибрагимов бұл хабарламаны Stories арқылы жеткізген.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясына қатысты маңызды мәлімдеме жасаған болатын.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1845178-mzbrmiz-otandyk-nsiler-zappaj-koncertterin-kejinge-segerude/

pixel