"Реніш болды": Төреғали досы Жандарбек Бұлғақовпен не себепті араласпай кеткенін айтты

Опубликовано:

Отандық эстраданың жарық жұлдызы Төреғали Төреәлі алғаш рет өнерге өзімен бірге қадам басқан досы Жандарбек Бұлғақовпен арақатынасы туралы бар шындықты айтты. Бастапқыда ажырамас бауырлардай болған өнер иелері кейіннен мүлдем араласпай кеткен. Әнші айтыскер досы екеуінің бір-бірінен алыстап кетуіне не себеп болғанын ашып түсіндірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: Instagram/toregalitoreali. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: Instagram/toregalitoreali. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Instagram

Төреғали Төреәлі Instagram желісінде Жандарбек Бұлғақовқа жүрекжарды жазба арнап, екеуінің достығы туралы айтып берген. Шоу-бизнес жұлдызы айтыскер досын жер-көкке сыйғызбай мақтап, оны туған күнімен құттықтаған.

Оған қоса, өнер иесі айтыс жұлдызымен арасы не себепті ажырап кеткені туралы жан сырын ақтарды.

"Жандарбек Бұлғақов! Бұл есімді ешкім көп біле қоймай тұрғанда мен өте жақсы білуші едім. Жұрт сыртына тамсанып жүргенде мен бұл жігіттің ішінде, көңілінде, жүрегінде жүретінмін. Қатты доспыз. Бала кезден, бал шақтан. Қатар өстік, тай-құлындай тебістік,небір ортақ қызықтарымыз болды. Бізде ара қашықтық деген болмайтын.

Қайсымыз қай қалада жүрсек те ұшып сағынып кетсек ұшып бара салатынбыз. Жәкең отау құрғанда мен жігіт жолдас дегендей ғой. Неге өткен шақпен сөйлеп отыр демеңіздер, қазір де арамыз ажырап кеткен жоқ. Бірақ біраз салқындап кеткен уақыт болды. Адамның беті шыдамайтын, кешірімге келмейтін кемшіліктер емес, балалықтың шалығымен жүріп аз-маз өкпе-реніш болды. Бірақ шүкір, қазір бәрі дұрыс.

Адамға балалық не үшін қымбат, жастық не үшін қымбат, қайтып келмейтін сәттерімен, есіңе түссе кеудеңді қытықтайтын тәтті естеліктерімен қымбат. Маған Жандарбектің бойындағы талай қасиет үлгі болды. Айтыстағы алым-шалымы, ортадағы жатыпатар әзілдері, кісімен мәмілесі бәрі-бәрі анау-мынау жігіттің бойынан табыла бермейді.

Тіпті еркелігінің өзі ерлік сияқты бойына жарасып тұратын. Ел де екеумізді әбден еркелетіп бақты. Топтың, халықтың ортасында болдық. Одан кейін аз уақытқа екі тарам жолға түсіп кеткендей болдық. Қазір енді алып-ұшпа сезімнің жетегінде жүрген бозбала емеспіз, екеуміз де отбасылы, балалы-шағалымыз. Оның да өз әсері болмай тұрмайды.

Мен эстрадаға түбегейлі бет бұрдым, Жәкең айтыстың аламанын қыздырып жатты. Бұл да сәл әрдайым бірге жүре алмауымызға себеп болды. Әйтеуір қазір бір-бірімізге тілекшіміз. Кеше ғана өткен туған күніңмен, “JAX” ,Алла екі дүниеңе амандық, жақсылық берсін. Көңіл баяғыдай. Өзіңмен бір күнде туған күнін тойлаған атұстарың да өзіңнен асып туған азамат болсын! Бар бол, досым " , - деп жазған Төреғали.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1853308-renis-boldy-tregali-dosy-zandarbek-blgakovpen-ne-sebepti-aralaspaj-ketkenin-ajtty/