"Мен бел бүксем, ел сынады": Саят Медеуов өзін жұбатқандарға жүрекжарды сөзін айтты
Жарияланған күні:
Отандық танымал әнші Саят Медеуов өзі үшін тым ауыр кезеңде көңіл айтып, қолдау білдіріп жатқан барша жандарға алғысын жеткізді. Ол алдымен мезгілсіз өмірден өткен анасын жерлеп, артынан екі аптадан соң әкесін де соңғы сапарға аттандырған. Ата-анасынан бір мезетте айырылып қалу өнер иесіне үлкен соққы болып тиген деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Саят Медеуов Instagram желісінде асқар тауына жүрекжарды жазбасын арнап, елді жылатты.
Ол мұндай сәтте барынша қолдап жатқан жанашырларға алғысын білдіріп, еңсені көтеретін сөздермен бөлісуін сұраған.
"Қадірлі ағайын! Иә, қайғыны бөліссең азаяр, қуанышты бөліссең көбейер деген, Алла осымен баршаңызға қайғы бермесін деп тілеймін! Қайғыма ортақ болғандарыңызға Алла разы болсын! Сіздер көңіл айтсын қайғымды бөліссін деп емес, қанаттарыңыз қайрылмасын, еңселеріңіз көтерсін деп жазудамын! Елді еңсесін көтерер қанатты сөз жазайық.
Елдің басынан өткергенін мен неге өткермейін. Ел жақсы болса мен жақсы!
Бұл сынаққа мен бел бүксем ел сынбай ма? Сондықтан да, мен өзім үшін емес ел үшін сынуға, бүгілуге қақым жоқ! Қайғыны жұта берсем қан татып кетпей ме? Қайғы ойлайтын емес, елді ойлайтын ер азамат болу - ол біздің парызымыз.
Мен туғанда ата-анама кім бауы берік болсын айтқанын білмеймін, ал екеуі дүниеден озғанда үш жүздің игі жақсылары жұмақтық болсын деп жатса, мен неге жұбанбайын.
Еңсемізді көтерейік, осындай сын сағатта бір бірімізге қолдау көрсетейік. Бірі жүректен, бірі құсалықтан дүниеден өзып жатыр. Әкем анамның артынан өзін о дүниеге дайындап, құсалықтан көз жұмды. Мәңгілік мекеніне Анамның жанына кетті. Махаббаттарына сүйсіне қарасам да, мына заман оны сездірмей тұр.
Саясат болса да өзіміз үшін сақтанбасқа шара қалмады, ағайынды ойласаңыздар сақтаныңыздар! Тыныштық, денсаулық, байлық - үшеуі ошақтың үш бұтындай түгел болса , бір біріне тіреу болса. Қазақ болып бас қосып, әлі талай ас салып, қазан қайнатамыз" , - деп жазды әнші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1865342-men-bel-bksem-el-synady-saat-medeuov-zin-zbatkandarga-zrekzardy-szin-ajtty/