"Үкілі қыз": Ұлттық нақышта киінген Кәмшат Жолдыбаева елді таңғалдырды (видео)

Опубликовано:

Кәмшат Жолдыбаева ұлттық киіммен
Фото: Instagram/kamshat__zholdybayeva

Қазақстандық шоу-бизнес жұлдызы Кәмшат Жолдыбаева тағы да қызу талқыға түсті. Алайда, бұл жолы әнші ару ашық-шашық образымен емес, қазақи үлгіде киімімен көзге түскен деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Кәмшат Жолдыбаева өнердегі әпкесі Жанар Айжанованы жалғыз қызы Айжұлдыздың ұзатылуына байланысты енді ғана құттықтаған. Шоу-бизнес жұлдызы оның үйіне барып, қуанышына ортақтаса арнайы шашу шашып қайтқан.

Бұл ерекше сәттің видеосымен Жанар Айжанованың өзі Instagram парақшасында бөліскен. Ол құтты қонақтарына келіп, ерекше көңіл күй сыйлағаны үшін алғысын білдірді.

Оған қоса, қызын ұзатқан әртісті құттықтау үшін Жолдыбаевамен бірге анасы, інісі және белгілі актриса Назгүл Қарабалина да барған. Олардың барлығы Айжановаға есте қаларлық тосын сый жасау үшін қазақи үлгіде киініп алуды жөн көрген.

Өзге меймандарға қарағанда Кәмшат Жолдыбаеваның ұлттық нақышта киінгені желіде қызу талқыланды. Көпшілік "Кешью" тобының бұрынғы әншісін әрдайым ашық образдарда көріп үйреніп қалғандықтан, оның мұндай таңдауына қатты таңғалған.

"Үкілі Камшат қыз, бүгін анаңызды көріп таң қалдым. Нағыз қазақ анасы екен. Ал, сізді мен тек өзгеше қырыңыздан ғана таныппын. Осылай қазақ қызы болып, әдемі киініп жүрсеңіз, ата-анаңызға да биік мәртебе болар еді", "Кәмшат керемет образ, осындай үлгідегі киімдер саған сондай жарасымды екен" , "Үкілі Кәмшат болып тұр", "Жабық киінсе сондай сүйкімді екен өзі" , "Кәмшатты көріп, таңғалып тұрмын" , - деп жазуда көпшілік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1871655-kili-kyz-lttyk-nakysta-kiingen-kmsat-zoldybaeva-eldi-tagaldyrdy-video/