Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірінші келіншегі Дәуренді әлі күнге дейін жіберген жоқ: Ақбота ажырасуының себебін айтты

Опубликовано:

Ақбота
Видеодан скриншот: "Жанар апаймен тәтті шәй"

Жанар Айжановамен "тәтті шәйда" қонақта болған Ақбота Сейітмағамбет ажырасқаннан кейінгі өмірі жайлы ағынан жарылып, күйеуімен айырылысуға не себеп болғанын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Белгілі актер Дәурен Айдарқұловпен жақында ғана ресми түрде ажырасқан әнші Ақбота Жанар Айжановаға бірінші кезде не үшін күйеуімен ажырасқанын айтып берді.

"Көп нәрсе өтті ғой басымнан. Шаршағаным соншалық, айтсам жылап жіберетін секілдімін. Бірінші келіншегі, бірінші отбасы, не дегенмен ол жақта жеті-сегіз жыл бірге тұрды, үш баласы бар деген сияқты. Көп ортамызға түсті. Бірінші келіншегі, сөздің ашығын айтқанда, өзіне қайтарып алғысы келді. Әлі күнге дейін ол келіншек Дәуренді жіберген жоқ", - дейді Ақбота.

Әнші басында Дәуреннің екінші әйелі болуға да келіскенін есіне алды.

"Мен ол кісіге айтқанмын, "жарайды, мен екінші әйеліңіз болайын, Баянмен ажыраспай-ақ қойыңыз" дедім. "Мен де өзім жетім өскен баламын, үш балаңыз сізбен бірге тұра берсін. Мен мына жақта екінші отбасыңыз боламын. Менімен бірақ некеңізді қиясыз, заңды түрде үйленбей-ақ қойсаңыз болады" дедім. Бірақ бірінші келіншегі біраз "хайвай" шығарды. Біраз у-шу болды", - дейді ол.

Айтуынша, Ақбота Дәуреннің келіншегінің алдынан бір өтейін деп үйлеріне де барған.

"Дастархан басында отырдық, келіншегі отырды, ата-енем отыр, Дәурен отыр, ағам отыр. Содан кейін мен бастадым. "Мен сіздің жолдасыңызды тартып алып жатқан жоқпын. Өзі кезінде маған ажырасып жатқанын айтты. Сіз өзіңіз үш баланы алып, Астанаға кетіп қалыпсыз" дедім. Ол кісі ашуланып маған жабылды, "жап-жас болып алып, күйеуімнің басын айналдырдың" деп кінә артты. Мен жайдан жай көшеде жүрген қыз емес екенімді, ажырасқан келіншек емес екенімді айттым. Қатты әңгімелер айтылды... Бірінші келіншегін алғаш көрген кезде, мен өзім жағамды ұстадым. Дікеңдеп, боқауыз сөз айтып, барлығымыздың көзінше өзінің қандай келіншек екенін дәлелдеді", - деп әңгімесін жалғастырды Ақбота.

Ол екінші рет ажырасуына не себеп болғанын да жасырмады.

"Ал екінші рет қосылғанымызда, олар ажырасып, Дәурен үш балаға барлық жағдайын жасап берді. Сөйтіп, қайта қосылдық. Балам жетім қалмасын, қосылсақ қосылайық деп ол кісіні қабылдадым. Ұзаққа бармадық... Ол кісіге Алла Тағала өнерге келген кезде талант берген, талантты актер. Ал отбасыға келгенде шамалы шорқақтау кісі. Жамандағаным емес. Адам жұмыста жұмысын істеу керек, ал үйге келген кезде баланың әкесі болуы керек, менің жолдасым, қамқоршым болуы керек. Ал мен ондай нәрсені сезген жоқпын. 2016 жылдан бергі уақытымның алпыс пайызы жылаумен өткен шығар? Кіммен болса да, қайда болса да, бақыт тілеймін. Бастысы, екі баланың әкесі екенін ұмытпаса болды", - деп ойын түйді әнші.

Еске салсақ, Дәурен Айдарқұлов пен Ақбота Сейітмағамбеттің ажырасып кеткені туралы 11 шілде күні белгілі болды. Бұл туралы жұлдызды жұптың өзі хабарлаған. Кейіннен отағасы әнші келіншегімен не себепті ажырасқаны туралы шындықты айтқан болатын. Ол әйелі өзін шынайы сүймеді деп топшылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1872078-birinsi-kelinsegi-durendi-li-knge-dejn-zibergen-zok-akbota-sejitmagambet-azyrasuyny-sebebin-ajtty/

pixel