Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Марқұм әкесін есіне алған Тәуекел Мүсілім көз жасын тыя алмады (видео)

Опубликовано:

Тәуекел жылап жатыр
Фото: Видеодан кадр

Отандық танымал актер Тәуекел Мүсілім аса әсерлі сұхбат беріп, оның барысында егіліп жылады. Шоу-бизнес серісі марқұм әкесі туралы естеліктерін ақтарып, көз жасын тыя алмады. Өнер иесі асқар тауы әкесінен 22 жасында айырылып қалған деп жазады KAZ.NUR.KZ Youtube желісіндегі Er-Batyr бағдарламасына сілтеме жасап.

Тәуекел Мүсілім белгілі журналист Тимур Балымбетовке сұхбат беріп, әкесі туралы бар шындықты айтты. Ол ата-анасы ерте айырылысып кеткендіктен, әкесін жиі көру бақыты бұйырмағанын жасырмады. Алайда, отағасы балаларына барынша қолынан келгенше қаржы жағынан көмектесіп тұрған.

Танымал актер бұл тұрғыда анасы үлкен ерлік жасағанын алға тартты. Тәуекел осы уақытқа дейін анасының әкесін жамандап айтқанын естіп көрмегенін жеткізді. Екі баламен жалғыз қалған ана ақыр-соңы ешкімге қосылмай, бар көңілін қос қанатының тәрбиесіне, өсіп-жетілуіне арнаған.

Шоу-бизнес жұлдызы марқұм әкесімен болған қызықты сәттерімен бөлісіп, көз жасына ерік берді. Ол сұхбат кезінде өзін әрең ұстағанымен, соңына қарай жылап жіберді.

"Әкем мен 22 жасымда қайтыс болды. Сол 22 жыл бойы анам әкемді бір рет те жамандаған емес. "Әкелерін жаман, бізді тастап кетті" деп ешқашан айтпаған. Өзін ренжіткен кездерін де айтпайтын. Әрине, ондай сәттер болды. Кімде болмайды? Үйдегі тіршілік ол қиын нәрсе. Оны қазір өзім басымнан өткізіп жатырмын, көріп жатырмын. Ата-анамды кінәләмаймын. Бұл - тағдыр. Солай шешілген. Бірақ, екеуі айырылысқаннан кейінгі анамның әкеме деген құрметі таңғалдырады.

Әкем есімде бар. Бұрындары бір бөлмелі пәтерде тұрғанымызда, ол бес-алты досымен келетін. Сол кезде анам, әпкем және мен ас бөлмесінде түнейтінбіз. Сондай қиын кездер болды. Алайда, не болса да анам ешбір қиыншылыққа қарамастан бәрін алып шықты. Бізді өсіріп жеткізді.

Анам айырылысып кеткеннен кейін ешкіммен қосылмады. Бұл үлкен ерлік. Бізді ойлады ғой. Бөтен адам келіп, қысым көрсетпесін деді. Өз өмірін шетке ысырып қойып, бізді бірінші орынға қойды. Мұндай ерлікті қазіргі кезде көптеген қыздар жасай алмайды. Анам ол кезде жас болды. Біреуге қосылып, бақытты болуына болар еді. Алайда, ол жастық шағын бізге арнады" , - деп ағынан жарылды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1874273-markm-kesin-esine-algan-tuekel-msilim-kz-zasyn-tya-almady-video/

pixel