RU

"Қадірі кетті": Актер Қажет Смағұл беташарды бұрмалап жатқандарға шүйлікті

Қажет Смағұл маскамен
Фото: Видеодан кадр

Танымал отандық актер Қажет Смағұл қазақтың ұлттың дәстүрі беташарды бүгінде күлкі мен әзілге толы шоуға айналдырған жастарға ашулы. Өнер иесі көнеден келе жатқан салтымыздың бұрмалануына өзінің қарсылығын ашық білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қажет Смағұл қазіргі таңда өтіп жүрген беташарларға көңілі толмайтынын кесіп айтты. Ол келіннің беті жеңіл-желпі әзілмен емес, мағынасы зор келелі сөздермен ашылуы тиіс деген пікірді ұстанатын болып шықты.

Бұл орайда өнер иесі беташардан шоу жасап кеткен жастар буынын аяусыз сөгіп, оларды ұлттық салт-дәстүрлерді құрметтеуге шақырды. Бұл туралы ол "Опмай-опмай" бағдарламасында айтты.

"Бұл мәселеге қатысты өз ойымды айтайын. Мысал ретінде Ақан Серіні алайық. Сол кездің шынымен серілері ғой. Қаншама келіннің бетін ашып, сонымен күн көрген ғой. Олар ауылдан ауылға барып жүрген. Бірақ, олар тек өзінің әндерін айтқан. Ал қазіргілер болса, әуенін қоса берсін. Бірақ, алдында келін, халық пен ақжаулықты аналар тұр. Мен айтайын дегенім, "сөзін бұрмалама, керек жоқ сөздерді қоспа" , "жеңіл сөздерді қоспа, әзіл қылсаң, астарымен әзілде".
Айтпағым осы. Оған да мен қарсымын. Кейбірі қазақша дұрыс білмейтін кісілер үшін орысша айтып та жатады. Жарайды орысша сөздер қосса да, орынымен болсын. Қазақ тілін кірлеме. Қазір өкініштісі, жастардың барлығы хайп іздеп, жеңілдікке кетіп қалып жатыр. Сонымен көтерілеміз деп жатыр" , - деді Қажет Смағұл.

Еске сала кетейік, бұған дейін беташарда ақшаны шалқайып тұрып салған Әбдіжаппар Әлқожа желіде үлкен сынға ұшыраған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1886120-kadiri-ketti-akter-kazet-smagl-betasardy-brmalap-zatkandarga-sjlikti/