RU

Қазақстандық музыкант Grammy сыйлығына ұсынылды

Иманбек Зейкенов
Иманбек Зейкенов. Фото: instagram.com/imanbekmusic

Жастар қауымы арасында аса танымал музыкант Иманбек Зейкенов жаңа жетістікке жетті. Қазақтың қарапайым баласы өлеңді хитке айналдыру шеберлігі үшін әйгілі Grammy сыйлығына ұсынылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Grammy номинанттарының тізімі сыйлықтың ресми сайтында жарияланды. Одан бөлек, Иманбектің өзі де Instagram желісінде қалың көпшілікпен қуанышты жаңалығымен бөліскен болатын.

Ол Grammy мәртебелі жүлдесіне ұсынылған алғашқы қазақстандық болып табылады. Иманбек Зейкеновтың SAINt JHN есімді әншінің Roses атты әніне жасап шыққан ремиксі Best Remixed Recording, Non-Classical категориясында жеңіске үміткерлер қатарында тұр.

Айта кетейік, аталған ремиксімен әлемдік музыка чарттарында қара үзіп алға шыққан Иманбек Зейкенов ата-анасымен бірге Ақсу қаласында тұрады. Әкесі - өрт сөндіруші, анасы туристік агенттікте жұмыс істейді. Өткен жылдың желтоқсанына дейін ол жергілікті темір жол стансасында еңбек етті.

Өзінің айтуынша, ол ән әрлеуді жергілікті диджейлер мен продюсерлерден және Youtube желісіндегі видеосабақтан үйренген.

2019 жылы жаз айларында Иманбек Saint Jhn атты рэпердің Roses атты әніне ремикс жазып, өзі күтпеген үлкен танымалдылыққа ие болады.

Бұл композиция үш жыл бұрын шығып қойған болатын. Иманбек әнге ремикс жазып, оны әлеуметтік желіге жариялады. Арада бірнеше ай өткенде ол поп жұлдызға айналды. Тіпті, Американың The New York Times газетінде Иманбек жайлы мақала да жарияланды.

Grammy — АҚШ Ұлттық өнер және дыбыс жазу академиясының жыл сайын табысталатын сыйлығы. Жүлдегер академия белсенді мүшелерінің дауыс беру нәтижесі арқылы анықталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1886311-kazakstandyk-muzykant-grammy-syjlygyna-synyldy/