Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тұтас елді тізе бүктірдің": Белгілі продюсер Димаш Құдайбергенді сынға алды

Опубликовано:

Фото
Фото: Димаш Құдайберген/Instagram

Белгілі продюсер әрі сценарист Перизат Мырзахмет Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында ресейлік бағдарламада қонақ болған әнші Димаш Құдайбергенді сынға алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Эх, Димаш... Сен Бағым мен Ринатта кеткен өкпеңді айтамын деп тұтас елді тізе бүктірдің ғой. Асүйде айтатын ренішіңді атасы басқа, мақсаты басқаның алдында жырлағаның қай сасқаның?", - деп сөзін бастады продюсер.

Ол біраз жыл бұрын болған "Саз әлемі" бағдарламасында Бағым Мұхитдинова әншіге айтқан сынын орынды деп санайтынын жеткізді. Продюсердің сөзінше, Димаштың сол уақытта дауыс қабілеті мен әні жоғары деңгейде болмаған.

"Құлағы бардың бәрі естіді. Сол уақытта сенде не тәжірибе, не сенім, не қолдау жоқ еді. Құдайдың берген талантына сеніп шығып едің сахнаға. Шикі едің. Рас, Ринат Зайытов езді. "Қатын дауысты еркек" деп өзінің сексистік биігінен айтты. Онымызды қателік деп мойындадық. Сен әлі өкпелісің", - дейді Перизат Мырзахмет.

Продюсер Қытайды мойындатқан Димаш пен отандық бағдарламада сынның астында қалған Димаштың айырмашылығы жер мен көктей болғанын да атап өтті.

"Қытайға барған Димаш басқа Димаш. Жұмыс істеген, дайындалған, бәленбай маманның көмегімен стилі мен мәнерін өзгерткен, толысқан әнші болдың. Әлем сені солай таныды. "Саз әлеміндегі" шикі күйіңмен барсаң, сол кездегі әндеріңді айтсаң, итше талап, мазаққа айналдырар еді... Мәселе сенің талантыңды танымаған қазақта емес, елімізді шірітіп жатқан жемқорлықта еді. Сені сүйкімді шығарар стилист пен вокалистер бізде де бар, алайда оларда ондай қаржы мен уақыт жоқ", - деген продюсер әншіге назын айтты.

"Қайсыбірін айтайын... Таң атпай адамды жылатып қойдың ғой. Жерімізге көзін алартып, "көкелігімді танытам, тіземді батырам" деп отырған елге барып басыңды иіп келдің. "Сол сынның арқасында өстім, енесі тепкен құлынның еті көгермейді" деп Бағымды емес, еліңді қорғасаң азамат болар едің. Бірақ сен әлі өкпенің өлеңін айтып жүрген баласың", - деді сөзін қорытындылады ол.

Еске сала кетсек, ресейлік танымал әртістер Димаш Құдайбергеннің өнерге енді қадам басып келе жатқан сәтіндегі видеолардың біріне куә болып, оны сол кезде сынға алған қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінің өздерін сынға алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1891346-ttas-eldi-tize-bktirdi-belgili-produser-dimas-kdajbergendi-synga-aldy/

pixel