RU

"Эфирге шықпай қалды": Димаш ресейлік бағдарлама сөздерін жария етпегенін мәлімдеді

Димаш Құдайберген
Фото: kudaibergenov.dimash

Димаш Құдайберген "Россия" телеарнасындағы "Привет, Андрей" бағдарламасының "Жыл әніне" арналған ерекше шығарылымына қонақ болған сәтіндегі кей сөздері эфирде жарияланбай қалғанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әнші бұл туралы өз ойын желі парақшасында жария еткен.

"Құрметті достар, сіздер кеше "Россия" арнасындағы "Привет, Андрей!" бағдарламасын көрген боларсыздар. Бағдарламада мен үшін эфирге шықпай қалған бір шағын, бірақ өте маңызды эпизод болды. Мен өз еліммен мақтанатынымды және барлық жерлестерімді жақсы көретінімді айттым.

Сонау 2013 жылы "Саз әлемі" бағдарламасында болған оқиға барлық қазақстандықтардың маған деген көзқарасының көрсеткіші емес. Мен 2013 жылы осы бағдарламаға дейін дәл осылай ән шырқадым және халықаралық байқауларда жеңіске жеттім, мен өз қалауым бойынша ән айта беремін және өз жұмысымды өзім қалағандай жүргіземін.

Менің ата-анам, туыстарым, достарым бар, олар маған қашан да көмектеседі, бірақ мен, ең алдымен Қазақстанның арқасында осы күнге жетіп отырғанымды түсіну қажет.

Мен Қазақстанда өстім, қазақ тағамдарын жедім, қазақ вокал мұғалімінен оқыдым, мен қазақ отбасында өстім. Мені алға жетелейтін басты ынталандырушым - бұл менің ұлтым және менің елім! Америка немесе Қытай болсын, менің мансабым қарқын ала бастаған халықаралық жарыстарға мен жалғыз ғана ниетпен бардым - өз еліміздің абыройын асқақтату.

Мұндай тілек болмаса, бәлкім мен шетелде өнер көрсетпес те едім.

2013 жылғы бейне туралы -

Достар, шынымды айтсам, мен бұл видеоны қайтадан көремін деп ойлаған жоқпын, өйткені мен бұл жайтты ұмытып кеткен едім. Мен ресейлік әріптестерімнің алдында жерлестерімізге жақтау сөз айтпағаным үшін, әлі күнге дейін біреуге кек сақтап жүрмін деп ойламаңыз, тағы да жоқ деп жауап беремін, мен қажетсіз дүниені ұмыта аламын. Сол күні кеште мен өз отандастарымды қорғап, өз пікірімді айтқаныммен, өкінішке қарай, белгілі бір себептермен бұл үзінді эфирге шықпады. Айтқым келгені, қымбатты достар, сол видеоны таратуды доғарайық.

Көптеген жылдар өтсе де, адамдар әлі де талқылауды тоқтатпайды.

Бала кезімнен мен сынға дайын болдым, объективті болсын, объективті емес болсын - бәрібір, мені ренжіту өте қиын. Сол видеодағы адамдар өздеріне қатысты көптеген жағымсыз сөздерді бірнеше рет естуге мәжбүр. Әркімнің өз пікірі бар, ол уақыт өте келе өзгерген болуы мүмкін, өзгермеген де болар, бірақ бәрі қазірдің өзінде алыс өткен шақта. Әркімнің өз отбасы, балалары бар, меніңше, олар әрдайым адамдардан ауыр сөздер естігенді ұнатпайды. Бұл видео әр уақытта әр елде пайда болатыны мен үшін де жағымсыз жайт.

Болар іс болды - жеке өзім бұл туралы баяғыда ұмытып кеткенмін, енді бізге осы беймаза әлемде кешеден гөрі көбірек бір-бірімізге қолдау көрсету керек.

Мейірімді, әдепті болайық, ешкімді ренжітпейік", - деп жазба қалдырды ол.

Еске салсақ, ресейлік танымал әртістер Димаш Құдайбергеннің өнерге енді қадам басып келе жатқан сәтіндегі видеолардың біріне куә болып, оны сол кезде сынға алған қазақстандық шоу-бизнес өкілдерін қызу талқыға салған болатын.

Кейін белгілі продюсер Димаш Құдайбергенді бұл жайт үшін сынға алған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1891416-efirge-sykpaj-kaldy-dimas-resejlik-bagdarlama-szderin-zaria-etpegenin-mlimdedi/