RU

Димаш: АҚШ-тағы оқиғалар жақын арада шешіледі деп үміттенемін

Димаш Құдайберген
Фото: Instagram/kudaibergenov.dimash

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Димаш Құдайберген АҚШ-та болып жатқан наразылық оқиғаларына қатысты пікір білдірді. Тума талант бұл жағдайлар жақын арада шешіледі деген үмітте деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Димаш Құдайберген шетте қалмай, Америка құрама штаттарында орын алған оқиғаларға қатысты өз ойын айтып өтуді жөн көрген. Әнші Instagram парақшасында арнайы жазба жариялаған.

"Мен АҚШ-та болып жатқан оқиғалар жақын арада шешіледі деп үміттенемін және сенемін. Сондай-ақ, біздің пікірлеріміз әр түрлі болса да, бір-бірімізді құрметтеуді үйренуіміз керек. Біз зорлық-зомбылықсыз әлемде өмір сүру үшін жұдырықтай жұмылуымыз қажет" , - деп жазды Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің жаңадан сайланған АҚШ президенті Джозеф Байденді ұлықтау апталығының ашылуына қатысатыны хабарланған болатын. Отандасымыз мерекеде ән шырқап, Америка жұртшылығын тағы бір мәрте таңдай қақтырмақ. Аталмыш шара 17 қаңтар күні онлайн-форматта өтеді.

Сонымен қатар, қазақстандық тума таланттың әкесі Қанат Айтбаев ұлының фотосын агитацияға заңсыз пайдаланып жүргендерге шүйлікті. Ол Димаш Құдайбергеннің фотолары сайлауалды агитацияға қолданылып жатқанына қатысты пікір білдірді.

Қазақстандық таланттың әкесі мұндай іс-әрекеттер заңсыз екенін ескертті. Оған қоса, ол Димаштың ешбір партия мүшесі емес екенін және саяси партияларға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1892791-dimas-aks-ta-bolyp-zatkan-okigalar-zakyn-arada-sesiledi-dep-mittenemin/