RU

Коронавируспен жансақтау бөліміне түскен Бесбаевтың қазіргі халі қандай

Мейрамбек Бесбаев
Фото: m_besbaev

Коронавирус инфекциясын жұқтырып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан Мейрамбек Бесбаев бүгінгі күнде жағдайы жақсарғанын айтып, желі парақшасында жазба жариялады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

"Ең әуелі еміме шипа беріп, ел қатарына қайта қосқан Аллаға сансыз шүкірлік. Менің тілеуімді тілеп отырған ата-анама, отбасыма, бауырларыма, өнердегі аға-әпкелеріме, достарыма мың алғыс. Ес білгелі бері елім алақанына салып әлдилеп келеді. Қадірлі ағайын, сіздердің тілектеріңізге басымды иіп рахметімді айтамын. Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз", - деп алғысын білдірді Бесбаев.

Ол көпшілікті сақ болуға шақырды.

"Айналайын ағайын, індеттің бары рас. Сақтаныңыздар. Күтініңіздер. Бірінші байлық денсаулық екенін есте ұстайықшы. Қорыта келе, мен үшін алаңдаған баршаңызға рахмет. Мен сіздерді жақсы көремін. Ауырмаңыздар!", - деп жазды ол.

Еске салсақ, бұған дейін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, "МузАРТ" тобының белді мүшесі Мейрамбек Бесбаев коронавирус диагнозымен ауруханаға түскені хабарланған болатын.

Көп ұзамай "Музарт" тобының директоры Ерлан Жүнісбай әншінің жағдайына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Бесбаевтың жансақтау бөлімінен жеке палатаға шығарылғанын айтып, көпшілікті қуантқан болатын.

Кейін дәрігерлер коронавируспен ауруханаға түскен Бесбаевтың халі туралы айтып берді.

Сол арада отандық жұлдыздар Мейрамбек Бесбаев үшін алаңдап, дұғада екендіктерін жазған.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/1895101-koronaviruspen-zansaktau-blimine-tsken-besbaevty-kazirgi-hali-kandaj/