RU

"Демалыс алдым": Дәурен Айдарқұлов әлеуметтік желілерден уақытша бас тартты

Дәурен Айдарқұлов
Фото: Instagram/daurenaidarkulov

Отандық танымал актер Дәурен Айдарқұлов бір ай бойы әлеуметтік желілерді қолданбайтынын айтты. Әзілкештің мұндай шешіміне не себеп болғанын KAZ.NUR.KZ материалынан біле аласыздар.

Дәурен Айдарқұлов уақытша әлеуметтік желілерден бас тартты. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында хабарлаған. Өнер иесі ғаламтор көп уақытын алатын болғандықтан, одан бір айдай демала тұруды жөн көрген. Ол бұл уақыт аралығында бар назарын жұмысына салатынын алға тартты.

"Ассаламағалейкум! Инстаграм мен әлеуметтік желілер көп уақытымды алатын болғандықтан, маңызды шаруаларым назардан тыс қалып қойып жатады. Сол себепті, желіден бір айға демалуды шештім. Алайда, шұғыл сұрақтарыңыз болып жатса, парақшамда директорымның нөмірі жазылып тұр" , - деп жазды Дәурен Айдарқұлов.

Актер бұл жазбасының астына тіпті пікір қалдыру мүмкіндігін шектеп қойған.

Айта кету керек, бұған дейін Дәурен Айдарқұловтың жағдайы қалың көпшілікті алаңдатып қойған болатын. Өнер иесі бұрынғы келіншегі Ақбота Сейітмағамбетпен ажырасып кеткелі күйзеліске түсті деген болжамдар пайда болды. Желі қолданушылары әзілкештің парақшасында тек мұңға толы жазбаларды байқай бастаған.

Еске сала кетейік, Дәурен Айдарқұлов пен Ақбота Сейітмағамбет өткен жылдың 11 шілдесінде заңды түрде ажырасып кеткен болатын. Жұлдызды жұптың ортақ екі баласы бар. Бұл актердің екінші отбасы болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1898678-demalys-aldym-dauren-aidarqulov-aleumettik-zelilerden-uaqytsa-bas-tartty/