Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Не істеймін оны": Отандық жұлдыздар зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Ақша18
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ел азаматтары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге пайдалана алады. 700 мың азамат жиналған қаржының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие. Sputnik Қазақстан отандық әртістерге хабарласып, олардың бұл тізімде бар-жоғын сұрады.

Толқын Забирова

Әнші Толқын Забирова қорда қанша ақша жиналғанын көруге уақыты жоқтығын айтады.

"Мүлде қараған жоқпын. 20 жылдан астам уақыттан бері өнер академиясында жұмыс істеймін, бірақ сол уақыттан бері тексермеппін. Оған уақыт та жоқ. Ай сайын түсіп тұратынын білемін. Мүмкін зейнет жасына жақындағанда іздеп көрермін", - деп күлді Толқын Забирова.

Өнер иесі зейнетақы жинағын пайдаланбайтынын айтты.

"Шынын айту керек, ол қаржыға жүгінбеймін. Бір күні өзіме қатты керек болып жатса, ақтарып қарайтын шығармын. Қанша ақша жиналғанын көрермін. Менің естуім бойынша, ол жердегі соманы толық ала алмайсың. Бірақ соны алу туралы ойламаппын", - дейді Забирова.

Назгүл Қарабалина

2000 жылдан бері театр актрисасы болып жұмыс істеп жүрген Назгүл Қарабалина болса, жиналған қаражатты тексеруге болатынын естіп таңғалған.

"Зейнетақы жинағымда қанша қаражат бар екенін білмейді екенмін. Оны алу, тіпті тексеруден хабарым болмады. Оны қайдан білуге болады? Жалпы зейнетақы жинағына қатысты өзгерістер болып жатқанын әлеуметтік желіден көрдім, бірақ қызығып, әрі қарай зерттемедім", - дейді Қарабалина.

Актриса қажеттілік болмағасын, зейнетақы жинағын тексеріп көру ойына келмегенін айтуда.

"Қажеттілік жоқ. Не істеймін оны? Оны қайдан көруге болатынын да білмейді екенмін. Жалпы цифрлы технология мүмкіндіктерін пайдалануға жоқпын, тек Instagram желісіне арасында кіріп тұрамын. Біз кәсіпкер емеспіз, кіріс-шығысты өзім есептеймін. Алайда шамамен қанша қаржы жиналып тұрғанынан да хабарым жоқ", - дейді ол.

Құралай Бекжанова

Бекжановтар
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин

Ал әнші Құралай Бекжанова зейнетақы жинағында ақша жоқтығын алға тартты.

"Мен еш жерде жұмыс істемеймін. Еркін адаммын. Менде зейнетақы жинағы да жоқ. Біраз жыл бұрын Жүргенов атындағы өнер академиясында жұмыс істедім. Ол кезде жалақым 30-40 мың теңге еді. Содан ұлым дүниеге келетін кезде жұмыстан шығып кеттім. Қайта шақырды, бармадым. Өзім бір кабинетті жалға алып, балаларға сабақ бердім. Айына 30 мың теңгені қолма-қол төлейтін. Осылай айына 200-300 мың теңге табыс таптым", - дейді Бекжанова.

Айтуынша, карантин кезінде өнер орталығы жабылған.

"Зейнетақы қорына ақша салмаймын. Алайда қартайғанда зейнетақы алып отыру үшін керек шығар", - деп түйіндеді ол.

Кенжебек Жанәбілов

Ал 4-5 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін "Музарт" тобының мүшесі Кенжебек Жанәбіловтің сөзінше, ай сайын зейнетақы жинағына қаржы түсіп тұрады.

"Жаңалықтарды қалдырмай көріп отырамын, бірақ зейнетақы туралы өзгерісті естімедім. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеймін, ай сайын зейнетақы жинағыма ақша түсіп тұрған шығар. Оны қатты қадағалап жатқан жоқпын. Қанша ақша жатқанын білмеймін", - дейді әнші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1900482-ne-isteimin-ony-otandyq-zuldyzdar-zeinetaqy-zinagynyn-bir-boligin-aluga-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel