Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бәрі зың-зың болады: Көктеммен бірге Күлпәш қайта оралды

Опубликовано:

Фото
Фото: 7 арна

Қалың көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен сұранысқа ие болған «Зың-зың Күлпәш» телехикаясы қайта жалғасын таппақ. Көктемнің алғашқы күнінен бастап телекөрермен Күлпәштің езу тартқызар қызықты хикаяларын Жетінші арнадан көре алады.

Жаңа үшінші маусымда телехикая кейіпкерлері мүлдем өзгеше оқиғаларды басынан кешіріп, сүйікті көрерменіне ауылдың жанға жайлы тіршілігімен, қазақи әзіл-қалжыңмен және ойға келмейтін қызықты оқиғалармен қайта оралады.

Үшінші маусымның тұсаукесері алдында Күлпәш рөліндегі белгілі актер Берік Тұрсынбеков өз ойымен бөлісті.

- Жаңа маусым несімен ерекшеленеді? Қандай қызықтар мен жаңалықтар күтеміз?

- Жаңа маусымда сюжеттерді мейлінше қызық етуге тырыстық. Бір ерекшелігі, бірінші маусымда Жексен ғана, екінші маусымда Дүйсен ғана ойнаса, үшінші маусымда отбасы мүшелері толық ойнайды. Сондай-ақ апамыздың халыққа танылмай қалған Қатираш деген қызы, Бейсен деген ұлы бар. Қатарымызды осы кейіпкерлермен толтырдық. Олардың да өзінің күлкі сыйлайтын қызықты оқиғалары көп.

- Түсірілім барысы қалай өтті? Қиындықтар немесе керісінше есте қалар қызықты оқиғалармен бөліссеңіз? Оқырманға өте қызық.

- Түсірілім процесі бұл жолы өте жеңіл әрі қызықты өтті деп ойлаймын. Әрине, ара-арасында қиыншылықтар, кедергілер, кемшіліктер де кездесіп қалып жатты. Алайда түсірілім тобында өз ісінің шеберлері, жастар жұмыс жасап жатқандықтан олар болмашы мәселелерге онша-мұнша мән бермей, бар назарларын өз мақсаттарына арнады. Сондықтан, түсірілім өте қызықты өтті деп айта аламын. Мәселен, Нәкөнай, Күлпәш пен Кәтәлөкке түсірілім барысында сценарийдегі оқиғаға сәйкес кішігірім трюк элементтерін жасау қажет болды. Оны жасау барысында қиындықтар, келеңсіз жағдайлар көп болды. Бірақ оның барлығын біз күлкімен жеңіп отырдық. Яғни, сериалдағы оқиға көрермен үшін алдыңғы маусымға қарағанда әлдеқайда қызықты болатынына сенімдімін. Өйткені әңгімеден гөрі іс-қозғалысқа көбірек мән бердік.

- Қанша жылдан бері көрерменнің жүрегі мен назарын жаулаған кейіпкерлер — Күлпәш, Каталок, Накөнай және басқа образдар, олардың мінезі, табиғаты шынайы өмірде болып жатқан жағдайларға байланысты қаншалықты өзгерді?

- Кейіпкер мен актер кем дегенде 50%-ға ұқсас болады. Өйткені актер образын шығарар кезде бәрібәр өз табиғатынан, өз көзқарасынан алады. Мысалы, Каталектің көп мінез-құлқы өмірдегі Қарлығаштың мінезімен сай келіп жатады. Дүйсеннің де жүріс-тұрыс, сөйлеуі мен мінезі өмірдегі Михоннан алынған. Ал Нәкөнай тіпті 80% өмірдегідей деп айтсам қателеспеймін. Ол өзі өмірде сондай әпенділігі мен аңқаулығы бар жігіт. Өз-өзін ойнайды деп айтсақ та болады.

- Көпшіліктің сериалды ұнатып, сағынып көруінің сыры неде деп ойлайсыз?

Бұл сериалда көбінесе қазақы қалжыңдарға мән береміз. Қазір қазақша юмор жоғалып бара жатқан заман. Өйткені жастар арасында қысқа әрі динамикалық әзілдер көп танымал. Жеңге мен қайны, нағашы мен жиен, абысындардың, ене мен келін арасындағы қазақи қалжыңдардың бәрін біз осы жобада мейлінше ашық әрі еркін пайдаланамыз. Яғни, халыққа және оның болмысына, оның тыныс-тіршілігіне жақын болғандықтан көпшілік ұнатып, сүйіп көреді деп ойлаймын.

Жаңа маусымды 1 наурыздан бастап 21:30-да Жетінші арнадан көріңіз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1901436-bari-zyn-zyn-bolady-koktemmen-birge-kulpas-qaita-oraldy/

pixel