RU

Жұлдыз Өмірғали Айқынның бірінші әйелінен кешірім сұрауға дайын екенін айтты

Айқын мен Жұлдыз
Фото: Instagram/zhuldyzomirgali_official

Отандық танымал әнші әрі актриса Жұлдыз Өмірғали жолдасы Айқынның бұрынғы әйелімен арақатынасы туралы айтып берді. Өнер иесі бастапқыда бұл мәселеде сол келіншектің өзін кінәлап жүрсе, бүгінде қате үш тараптан да болғанын түсінген. Оның үстіне эстрада жұлдызы жолдасының бұрынғы жарынан кешірім сұрауға да дайын екенін жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жұлдыз Өмірғали жолдасының бірінші некедегі перзенттері мен өз балаларының барынша жақын араласқанын қалайды. Әнші ару олардың болашақта бір-біріне демеу болып, әрқашан қолдау көрсетіп жүргендерін көргісі келетінін айтты.

Айқынның әйелі ішіндегі жан сырымен "Менің өмірім" бағдарламасында бөлісті.

"Әкенің балалар өмірінде ерекше рөл атқаратынын мен жақсы білемін. Басымнан өткен. Сол себепті, мен басынан бастап, олардың араласқандарын қаладым. Қалай мен оларды жатырқап, "сен кірмейсің, бұл табалдырықтан аттамайсың" деп айтамын. Мен өзім әкесіз өмір сүрген адаммын. Сол үшін бұл жайтқа жол бере алмадым. Ең бірінші Аңсармен танысқанмын. Бірге түсірілмде, сосын Қапшағайда болдық. Қасымда әркез "Жұлдыз тәте" деп жүреді. Мені "өгей шешем жаман болмады, жақсы болды" деп айтса деген ниетпен жүрген адаммын.
Түрлі жағдайларды естіп жатамыз. Араласуға рұқсат етпей жатыр дейді. Жоқ, мен ондай емеспін. Мен екі жақтағы перзенттердің бауырмал болып, болашақта бір-біріне қолдау әрі тіреу болғанын қалаймын. Екі отбасыға қатысты шешімді қабылдаған әкелері. Сол себепті, ол балалар есейгенде міндеттітүрде сөйлесіп, жағдайды түсіндіреді. Айқын сияқты әке жоқ. Ол өте қамқор, балажан. Мұндай әкемен ештеңеден қорықпауға болады, болашақ үшін алаңдамауға болады. Ал Әсел екеумізге келетін болсақ, қазіргі таңда одан бірінші болып кешірім сұрауға дайынмын. Егер бұрындары өзі кінәлі деп ойласам, енді бүгінде мен ақымақтық танытпағанда бұл жағдай да орын алмас еді деп есептеймін. Бірақ, болары болды. Сондықтан, мен міндетті түрде өзім бірінші кешірім сұрайтын едім" , - деді Жұлдыз.

Айта кетейік, бұған дейін Жұлдыз Өмірғали Айқынның бірінші келіншегінен не себепті қорқатынын айтып берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1906005-zuldyz-omirgali-aiqynnyn-birinsi-aielinen-kesirim-surauga-daiyn-ekenin-aitty/