"Інім екеумізді неге тастап кетті": Жұлдыз Өмірғали анасына деген ренішін айтты
Жарияланған күні:
"КешYOU" тобының бұрынғы әншісі Жұлдыз Өмірғали інісі екеуі балалық шағында әкесінен ерте айырылып, ата-әжесінің қолында өскен. Анасы тұрмыс құрып бөлек кеткен болып шықты. Өнер иесі бүгінде өзі де ана болғалы анасын жақсы түсінеді. Алайда "бізді неге тастап кетті?" деген сұрақ әртісті әлі күнге дейін мазалайды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жұлдыз Өмірғали әкесі өмірден өтіп, анасы екінші рет тұрмыс құрған соң ата-әжесінің қолында қалған. Артынан ерген бір інісі бар.
Әнші өз бақытын тауып кеткен анасымен бүгінде араласып тұрғанымен, ішінде оған деген өкпе-реніші әлі де қалып қойған көрінеді.
"Әкем қайтыс болды. Әкем де, анам да теміржолда жұмыс істеді. Атам 40 жыл теміржолда қызмет етті, әжем 40 жыл мұғалім болған кісілер. Анам тұрмыс құрып кетті. Біз бір-екі күнге барып тұратынбыз. Ата-әжем қатал кісілер еді.
Ерке болдым деп айта алмаймын. Ауылда тұрдық. Сиыр саудым, үйдің жұмысын істедім. Анама барып тұратынбыз. Ана болғалы анамды жақсы түсінемін. Бірақ інім екеумізді не себепті тастап кетті екен? Мен өз балаларымды ата-әжесіне тастап кете алмас едім. Мені сол сұрақ әлі де мазалайды. Мүмкін балалық шақтан қалған жарақат сол шығар", - деп жан сырын ақтарды әнші "Менің өмірім" бағдарламасында.
Жұлдыздың анасы екінші некесінде Аяла есімді қыз баланы өмірге әкелді. Алайда 10 айында шетінеп кеткен. Одан кейін Айсәуле есімді қызы дүниеге келді.
"Мен Алматыға оқуға түстім. Оқуға кетер алдында анама барып қайттым. Ол кезде анамның екінші күйеуінен туған Аяла есімді сіңлім бар еді. Алайда ол түнімен ауырып шықты. Аурухана жоқ еді. Пойызбен таңертең көрші ауылға баратын болдық. Ауруханаға барамыз дегенше сәбидің жағдайы нашарлап кетті.
Көршіміздің көлігін оталдырып, көрші ауылға шығып кеттік. Аурухана жетіп үлгердік. Алайда жарты күн өтпей шетінеп кетті. Бір күн бұрын ғана қолда ұстап отырған баланы ертесі жерлеп тастадық. Содан кейін қорқып қалдым. Балам өмірге келгенде ұйықтап кетсе, шошып кететін едім. Қазір өзіме келгендеймін", - деді Жұлдыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1906535-inim-ekeumizdi-nege-tastap-ketti-zuldyz-omirgali-anasyna-degen-renisin-aitty/