RU

"Сенің тойыңнан кейін бағымыз ашылды": Мақпал Исабекова Луинаға алғысын айтты

Мақпал Исабекова
Фото: Instagram/makosyai

Отандық танымал әнші Мақпал Исабекова өмірдегі және өнердегі құрбысы Луинаға өз алғысын жеткізді. Шоу-бизнес жұлдызы сахнадағы әріптесінің үйлену тойынан кейін өз махаббатын кездестіріп, қалыңдық атанғанын айтады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Мақпал Исабекова бүгінде өмірінің ең бақытты сәттерінің бірін кешіп жатқанын айтып, ол үшін құрбысы Луинаға өз алғысын айтты. Эстрада жұлдызы Instagram парақшасында арнайы жазба қалдырып, қызықты фактілерді келтіріп өтті.

Оның айтуынша, Луинаның тойында қыз жолдас болғандар өз махаббаттарын тауып кетсе, қалыңдықтың гүл шоғын қағып алған Сая Оразғалиева келін атануға дайындалуда. Әнші аталмыш тойдан кейін бірқатар қыздың бағы ашылғанын жеткізді.

"Луина екі жыл бұрын қыз жолдас бол дегенде тұрмысқа шықпаған қыздарға жол ашып бергісі келетінін айтқан еді. Қазақпыз ғой, ырымшыл халықпыз. Жәния Джуринская жарты жылдан соң махаббатын кездестіріп, тұрмысқа шықты. Мен сүйіктімді жолықтырып, қалыңдық атандым. Алла қаласа, жақында тұрмысқа шығам. Қалыңдықтың гүлін қағып алған Сая Оразғалиева да бірнеше күн бұрын ғана қалыңдық атанды. Жүрегім тыныш. Әрбір әйел бақытқа лайық. Әйел ең керемет махаббатқа бөлену керек" , - деп жазды Мақпал Исабекова.

Айта кетейік, Мақпал Исабекова 15 ақпан күні ғашығы өзіне үйленуге ұсыныс жасағанын хабарлаған болатын. Бұл жаңалық бірден желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Көпшілік әнші үшін қуанып, өз жылы лебіздерін білдірген.

Әнші жолдасының түрін көрсетпесе де, ол туралы бірқатар тың мәліметтермен бөлісті. Оның таңдауы түскен азамат мұлдем өнер саласынан емес болып шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1910262-senin-toiynnan-keiin-bagymyz-asyldy-maqpal-isabekova-luinaga-algysyn-aitty/