Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Димаш 27 жасқа толды: Әкесі әншінің туған күнді қалай тойлайтынын айтып берді

Опубликовано:

Димаш Құдайберген
Фото: Sputnik / Евгений Биятов

Димаш Құдайберген 24 мамырда 27 жасқа толды. Ол туған күнін отбасында атап өтеді. Әншінің әкесі Қанат Айтбаев Sputnik Қазақстанға Димаштың шығармашылығындағы жаңалықтары мен туған күнін қалай тойлайтынын айтып берді.

Қанат Айтбаевтың айтуынша, Димаш шығармашылық ізденісті бір сәтке тоқтатпай, жаңа бейнебаян түсіріп жатыр. Жыл соңына дейін шет мемлекеттердің бірінде концерті өтіп, өзінің тыңдармандарымен қауышуы да мүмкін. Оның бәрі эпидахуалға байланысты шешіледі екен.

"Димаш Астана мен Алматы қаласында біраз шығармашылық адамдарымен бірге жұмыс істеп жатыр. Еуропалық, америкалық продюсерлермен де жұмыстар атқарылуда. Ол үнемі шығармашылық ізденісте. Жақында "Be with me" әніне бейнебаян түсірілді. Бұл Димаштың шығармашылығын тағы бір қырынан көрсететін жанр болды деп есептейміз. Басқа да әндер жазылып жатыр", – деді Қанат Айтбаев.

Димаш Құдайберген кезекті бейнебаянын комозитор Ренат Гайсиннің әніне түсіріп жатыр. Түсірілім жұмыстары аяқталған соң ол туынды да көрерменге жол тартпақ. Одан бөлек, әлемдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарса, бірқатар елде концерт беру де жоспарланып отырған көрінеді.

"Пандемияға байланысты әлем бойынша көптеген өнер адамының жоспарлаған концерттері тоқтатылды емес пе? Қазір жағдай жақсарады деген үміт бар. Соған байланысты жоспарлар көп, түрлі елдерден ұсыныстар келіп жатыр. Ресейде, Беларусь елінде өтетін шараларға шақыртулар алдық. Амандық болса, барамыз деген ой бар", – деді Айтбаев.

Димаш туған күнін қалай тойлайды

Димаш туған күнін отбасымен, ата-анасы мен бауырларының ортасында өткізеді. Жанкүйерлері оған бірнеше күннен бері құттықтау хаттарын жолдап жатыр.

"Туған күніне арнап үлкен отырыс жасамаймыз. Туған-туыстар жан-жақтан хабарласып, құттықтап жатады. Көптеген елдегі Димаштың тыңдармандары сәлемдерін жолдап жатады. Қазірдің өзінде әр елдегі тыңдармандардан құттықтаулар, жеделхаттар келіп жатыр. Осы сәтті пайдалана отырып, сол кісілердің барлығына алғыс айтқым келеді. Ықылас-пейілдеріне шексіз ризамыз. Өнер адамын қанаттандыратын көрерменнің жылы сөзі, ыстық пейілі. Қашан да тыңдарманның елеп-ескеріп, құттықтау жолдауы әншінің көңілін қанаттандырып, сезімін серпілтеді", – дейді Айтбаев.

Димаш әр хатқа, әр тыңдарманның ақжарма тілегіне ерекше қуанады екен.

"Отбасымызда туған күнді тойлауға қатысты ешқандай дәстүр жоқ. Риясыз, шын көңілден айтылған құттықтау, дастархан басында отырып, бір-біріне жылы сөз айту – өзіміз үшін бағалы, таптырмайтын сый. Димаштың өзі де үйдегі кісілердің туған күнін ешқашан ұмытпайды, әсіресе аналары мен қарындасына құшақ-құшақ гүл сыйлағанды жақсы көреді", – дейді Қанат Айтбаев.

Айтуынша, туған күн әдетте үлкендердің батасын алудан басталады. Ең алдымен ата-әжесінің батасын алып, шай үстінде бір-бірін құттықтайды. Әңгіме барысында балалық шақтағы қызық оқиғалар сөз болады.

Әншінің Youtube-тегі каналында өзінің бала кезінде түсірілген видеосы туған күніне орай жария етілді. Онда көрермендер Димаштың бір жарым жасар кезінде түсірілген видеосының бір бөлігін көре алады.

Димаш туралы не білеміз

Дінмұхаммед Құдайберген 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбеде танымал әншілер Қанат пен Светлана Айтбаевтардың отбасында дүниеге келген. Қазақ ұлттық өнер университетін "Эстрада вокалы" мамандығы бойынша бітірді.

Бала кезден түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған жас әншінің бағын Витебскте өткен "Славян базары – 2015" халықаралық ән байқауы ашты. Әнші конкурста гран-приді жеңіп алды.

2017 жылы Димаш Қытайдың "Мен әншімін" жобасына қатысып, талантымен миллиардтар елін таңғалдырған еді. Ол жобада екінші орын алды.

Димаш MTV Music Awards жүлдесінің иегері, "Азияның ең танымал әншісі", "Top Chinese Music Awards", "Халықаралық деңгейдегі ең танымал әнші", "Жылдың ең үздік әншісі" номинацияларының жеңімпазы. 2019 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде Димаштың мыңдаған тыңдарманы бар.

2021 жылы Димаш АҚШ президенті Джо Байденнің инаугурациясы апталығының ашылуына арналған шарада өнер көрсетіп, қазақтың халық әні "Самалтауды" орындады.

Димаш - атасы мен әжесінің тұңғыш немересі, кішкентай кезінен сол кісілердің бауырында өскен. Димаштың Раушан есімді қарындасы мен Әбілмансұр есімді інісі бар.

Барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1913997-dimas-27-zasqa-toldy-akesi-ansinin-tugan-kundi-qalai-toilaitynyn-aityp-berdi/