RU

Есірткі сатты деген күдікпен ұсталған Mad MEN тобының мүшелеріне қандай айып тағылғаны белгілі болды

Топ
Видеодан кадр: polisia.kz

Осыдан бір ай бұрын ұсталған Mad MEN музыкалық тобының мүшелеріне ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық ету фактісі бойынша айып тағылып отыр деп хабарлайды Polisia.kz.

Айта кетейік, 21 сәуір күні полиция қызметкерлері Алматыда 10 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтаған еді. Оның құрамында 21 жастан 30 жасқа дейінгі 10 адам бар. Топты – 1994 жылы туған Х. есімді ер адам басқарған.

Ұсталғандар есірткіні дайындап, сатты деген күдікке ілінген.

Полиция күдіктілер жалға алған коттеджден дайын есірткілерді, оларды өндіруге арналған компоненттерді, зертханалық колбаларды, таразыларды және есірткі зертханасында жұмыс істеу үшін қолданылатын басқа да атрибуттарды тәркілеген.

Кейінірек ұсталғандардың арасында Q-pop бағытында ән айтатын MAD MEN тобының мүшелері де бар екені анықталды. Оларды тыңдармандары әлеуметтік желіде тараған кадрлардан байқаған көрінеді. Кейін полиция бұл ақпаратты растады.

Алматы қалалық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының басшысы Ерлан Алмағамбетовтың сөзінше, Х. есімді ер адам полиция қызметкерлерінің көзіне 2020 жылдың қыркүйегінде түскен.

Оның айтуынша, топтағы адам бір жыл бойы Алматыда синтетикалық есірткіні өндірумен және сатумен айналысқан.

"Х. есімді ер адам және оның "көмекшілерінің" қылмыстық әрекеттері ресми түрде құжатталды. Оның әр көмекшісінің рөлдері нақты тағайындалған. Мысалы, логистикалық компания арқылы Ресей Федерациясынан синтетикалық есірткі заттарын өндіруге арналған компоненттерді жеткізуге үш адам жауап берген, олардың бірі қыз бала. Екі жас жігіт – кассирлер өтінімдер қабылдауға және есірткіні қойып кететіндерге жауап берген. Тағы төрт ер адам – есірткі қоюшылар, қаланың Наурызбай, Бостандық және Алатау аудандарында жүрген", – дейді Ерлан Алмағамбетов.

Полицияның дерегінше қазір күдіктілерге қылмыстық кодекстің 262-бабы, 1-бөлігі мен 2-бөлігінде көзделген ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық ету фактісі бойынша айып тағылып отыр.

Күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1914682-esirtki-satty-degen-kudikpen-ustalgan-mad-men-tobyna-qandai-aiyp-tagylgany-belgili-boldy/