"Әміреге жетпейсің": Ерден Жақсыбеков "Маска" шоуы әділетсіз өтті дегендерге жауап берді
Жарияланған күні:
Қазақстандық "Маска" шоуының жеңімпазы Ерден Жақсыбеков жобаның қаншалықты әділ өткенін айтты. Өнер иесі музыкалық додағы өз фавориттерін атап, желіде қандай сынға тап болғанын жеткізді. Кейбір жағымсыз пікірлер оның көңіліне тиіп, ол аталмыш жобаны жеңгені үшін өзін кінәлі сезінгендей болып қалған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ерден Жақсыбеков жоба барысында Бүркіт, Арыстан, Аққу, Сиыр маскаларын фаворит санаған. Бұл туралы ол "TalkLike" бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
"Маған әрқайсысы ұнады. Бастапқыда интрига тудырған Робот қызық болды. Қылықтары сүйкімді. Сөйтсем академияда бір курс жоғары оқыған, бірге футбол ойнап жүрген бауырым Рүстем Жаныаманов екен", – дейді Ерден.
Сонымен қатар, әртіс шоуды әділетсіз өтті деп сынайтындарға жауап берді. Оның айтуынша, жобада кімдердің өнер көрсеткенін сол жерде жүрген түсірілім тобының өзі толық білмеген.
"Әділетсіз өтті дегенге кішкене таңғаламын. Менің өзім гримеркада тұрып тыңдағанда "Бұл кім?" деп таба алмайтынмын. Эфирден тыңдағанда кішкене тани бастайсың. Теледидардан дыбыс жай, анық естіледі. Ал павильонда дыбыс деген шашырап кетеді.Әділ-қазылар да байқасаңыздар "Мынау кім?" деп тыңдайды.
Халық өтірік істеп отыр деп ойлайды.Жоба әділ өтті. "Маска" жобасының ережесі бойынша, таппаған әншіні соңына дейін апару емес. Бұл жерде кім қандай деңгейде өнер көрсетеді, қызықты болған сайын ол масканы өткізе береді. Халық ережені дұрыс түсінбеген сияқты", – деді Ерден.
Ерден көңіліне кірбің түсірген пікірлерге де тоқталып өтті. Әншінің жекесіне келген кейбір хабарламалар оның көңіліне тиген. Өнер иесі тіпті шоуды жеңгені үшін өзін кінәлі сезінетінін айтты.
"Көңілге келген комментарий бар. Жекеге келген. "Мойындашы, сатып алдың ба?" – депті. Күлдім, ыңғайсыз күлкі болады ғой. Жауап бердім, өзі де күтпеген сияқты. "Менің материалдық жағдайымды білсең, бұлай ешқашан айтпайтын едің. Бір қыз "Әміреге жетпейсің" деп жазып жіберіпті. "30 жылдан бері жете алмай жатырмын. Қалай жетсем болады?" деп қарсы жаздым. Сарказм ғой. Сатып алғандай біртүрлі боласың. Сол нәрсе қатты тиеді", – дейді Ерден.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1920803-amirege-zetpeisin-erden-zaqsybek-maska-souy-adiletsiz-otti-degenderge-zauap-berdi/