"Бұл сұраққа жауап бере алмаймын": Рухия Байдукенова Димашқа қатысты сауалдарға нүкте қойды
Жарияланған күні:
Бір айға жуық уақыт бұрын Витебскіде өткен "Славян базарында" Гран-при иегері атанған Рухия Байдукеновадан Димашпен қарым-қатынасы туралы желіде жиі сұрайды. Әнші Instagram-дағы тікелей эфир кезінде осыған қатысты жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ресейлік блогер Жан Собель өзінің YouTube платформасындағы каналына Рухиямен тікелей эфирде болған шағын сұқбатты жария етті.
Аталған сұрақ-жауапта әнші өзін Димаш Құдайбергенмен қосатындарға жауап берген.
"Бір-бірімізді бұрыннан білеміз. Құрметтейміз. Болды. Артық ештеңе жоқ. Оны 2015 жылдан бастап танимын. Мен ол кезде "Жас Қанат" байқауына қатысқанмын. Ол байқауға қонақ болып келген еді. Бізді "әдемі жұпсыңдар" дейтіндерге айтарым, жалпы біреудің жанына тұра қалсам, немесе біреумен суретке түссем, бірден мені сол адамға қоса қояды. Шын мәнінде олай емес, жай ғана адам маған қарындасы ретінде қарайды. Сондықтан, ондай сұрақтар мен үшін қалыпты болып кеткен", - дейді ол.
Тікелей эфир кезінде әнші блогердің "Қалай ойлайсың, сен Димашқа қыз ретінде ұнайсың ба? Оның саған назар аударған кезін байқадың ба? Сенің басың бос, оның да, екеуің екі дарын иесісіңдер" деген сұрағына:
"Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Мен оның сезімдерін білмеймін. Жалпы, өнер мен жеке өмірді шатастырмау керек деп ойлаймын", - деп қысқа қайырды Рухия.
Бұдан бөлек, сұқбат барысында қос әншінің болашақта дуэт жазуы мүмкін де деген сұрақ төңірегінде де әңгіме қозғалды.
"Дуэт туралы көп адам жазып жатыр. Бірақ бұл менің ғана қолымда емес. Сондықтан, оның өзінен сұраңыздаршы", - деп жауап берді әнші.
Сонымен бірге, Рухия сұрақ-жауап барысында алдағы бір жарым жыл ішінде тұрмысқа шығуды жоспарламайтынын, қазіргі таңда жаңа трэк жазып жатқанын және бейнебаян түсіру жоспарында бар екенін жеткізді.
Еске салсақ, дәл осы сұқбат кезінде әнші анасының орыс ұлтының қызы екенін айтқан болатын. Алайда, соған қарамастан Рухия тоғызыншы сыныпқа дейін орыс тілінде сөйлеуге үзілді-кесілді қарсы болыпты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1925874-bul-suraqqa-zauap-bere-almaimyn-ruxiya-baidukenova-dimasqa-qatysty-saualdarga-nukte-qoidy/