Тамар Асар: Аяғым жұлынып, аспанға ұшқанда да оны адам баласының көзіне көрсетпегенмін
Жарияланған күні:
Отандық танымал әнші Тамара Асар басынан өткен ауыр кезеңді есіне алып, өзінің жан сырын ақтарды. Өнер иесі бірнеше жыл бұрынғы жол апаты туралы бар шындықты айтып берді. Оны қалың жұртшылыққа айтуына оқырманының хаты себеп болған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Тамара Асардың Instagram парақшасына әлдекім жағымсыз хат жазған. Онда ол әртістің бастапқыда арбада отырғанын бетіне басып, кейіннен әнші болғандықтан қарапайым адамдарды менсінбей кеткенін меңзеп жазған.
Оқырманының бұл сөздері Тамара Асарға ауыр тиген көрінеді. Әнші бұл хатты оқығаннан кейін көзіне жас алғанын жасырмады.
Ол өзін ренжіткен желі қолданушысына парақшасында жауап берді.
"Бұл кісі менің өткен өмірімдегі, балғын кездегі тағдырдан көрген қиындықтарды әшкерелеп,өтірік қосып жазыпты. Ешкім тағдырын таңдамайды. Тағдыр жазылады. Жаратқанға жалбарына отырып, оның амалдарын өзің реттейсің. Ыңғайланасың. Өзіңмен өзің күресесің. Айла-амалына бейімделесің. Еңбектенесің! Иә, жол апатына түскенім рас! Ауыр жарақаттар алғаным да рас! Мүгедек арбада отырғаным да рас! Балдаққа сүйенгенім де рас! Бірақ “арбада отырып, Қаражанбасмұнайға демеуші іздеп бардың” деуіңіз үкен өтірік!
Мені Алла намысшыл, өр, аршыл, кінәмшіл, еңбекқор етіп жаратыпты. Аяғым жұлынып аспанға ұшқанда да оны тонмен жауып, адам баласының көзіне көрсетпегенмін. Арбамен, балдақпен мекеменің офисіне бармақ түгілі, бір досымның көзіне де көрінбегенмін. Арбада отырғанда үйден шықпай отырып, бірен-саран бала оқытқанмын. Ал аяғымды басқан күннен бастап, өзі ауыр, өзі томардай жуан протезді, екі түрлі размердегі аяқ киімді әдемі ұзыыыын юбканың астына жасырып, жарақаттың қаны сорғалап тұрса да, ән шырқап, сахнаға шыққанмын.
Қаражанбас, Қаламқас, Өзенмұнайгаз, Жетібай басшылары мен мұнайшылары менің сол кездегі басты көреремендерім, олар мені мүгедектік арбада ешқашан көрген емес. Мен олардың есінде мәңгі өзім тіккен әдемі көйлекпен талдырмаш мүсінмен, әдеби сөзіммен,әсем әуенмен ән шырқаған күйімде жиырма бір жастағы Тамара болып қалдым деп ойлаймын. Себебі мен сондай образды таңдадым,олар қабылдады. Сондықтан жерлесім “өтірікші өлгенді куә етеді” дегендей, мен жайындағы фантазияңызбен қарапайым халықты менсінбейсіз деген жала сөзіңіз, сіздей ұл өсірген, елуді еңсерген әйелге жараспайды. Оқығанда шамайыма тиіп кетті, көзіме жас келді.
Қандай қиын заман туса да ешқашан мүсәпірсіп, қайыр сұрап, мүгедектікті мүсе тұтып ешкімнің есігін қаққан емеспін. Осы күнге дейін айналамдағы бір досым, “басым ауырды,балтырым сыздады” деген сөзді менің аузымнан естіген емес, көрген емес! Қазіргі таңдағы белең алған “қайыршылық сана мен құрбандық рольден арылтатын мен білетін жол- еңбек, намыс, әдемілікке талпыныс! Бөрі арығын білдірмей, екі аяқты сұлу етіп, теңестіру жолындағы сіңірген еңбегім шаш етектен. Шүкір", - деп жазды Тамара Асар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1929597-tamar-asar-ayagym-zulynyp-aspanga-usqanda-da-ony-adam-balasynyn-kozine-korsetpegenmin/