Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түрлі жағдайлар бар": Арман мен Аша жеке өміріне қатысты сұрақтарға нүкте қойды

Опубликовано:

Аша Матай пен Арман Қоңырбаев
Аша Матай мен Арман Қоңырбаев: Brod.kz

Отандық жұлдызды жұп Арман Қоңыр мен Аша Матай өздерінің жеке өміріне қатысты тарап кеткен қаңқу сөздерге жауап берді. "Алматы" телеарнасының "Paparazzi" бағдарламасында олар мән-жайды түсіндірді.

Отандық шоу-бизнесте ең жиі талқыға түсетін жұлдызды жұптардың бірі – Арман мен Аша. Бірде ажыратты, кейін қайта қосты. Бірақ олар түрлі қаңқу сөз таратқандардың әрекетіне қатты қынжылады.

«Бұл бақытсыз адамдардың тірлігі деп ойлаймын. Өздері бақытсыз бола тұра, өзгенің бақытын көре алмайды. Өзгенің отбасында да ұрыс-керіс болсын деген ниетпен әдейі жазады. Бірақ мен бәріне бақыт тілеймін. Әр адам өзіне жауап берсін. Сондықтан бізде барлығы жақсы», – дейді Аша Матай.

Әнші отбасындағы әрбір дүниені желіге салуды құптамайтынын айтады.

«Біз барлығын Instagram желісіне салуға міндетті емеспіз деп ойлаймын. Кадрдан тыс жерлер бар, сөз-көз деген бар, біз отбасымызды ондайдан, әрине, аулақ ұстағымыз келеді », – деді әнші.

Ал Арман болса жеке өмірі, ене мен келін арасындағы қарым-қатынасқа қатысты сансыз сауалдардан әбден шаршаған. Бұдан былай Қоңырбаев отбасы жөніндегі ақпараттарды құпия ұстауды құп көреді.

«Instagram желісі арқылы да жеке өмірге қатысты көп сұрақтар қояды. Мен қазіргі уақытта ол сұрақтарға жауап бергім келмейді. Мүмкін, әлі уақыты келген жоқ. Түрлі жағдайлар бар оны айтпауға, сол үшін бұл - жеке өмірім. Бизнес, шығармашылық жөніндегі сұрақтарға жауап беруге дайынмын. Бірақ отбасым, әке-шешем, тағы басқа туралы айтқым келмейді. Түсінесіздер ғой, әр адамның жеке өмірі болуы керек. Бірақ жалпы, барлығы жақсы, Аллаға шүкір!» – деді Арман Қоңырбаев.

Қазіргі таңда Арман мен Аша екі қызды тәрбиелеп отыр. Келешекте ол отағасына атұстар сыйлауды армандап жүр. Ал жүктілік кезеңінде шектен тыс салмақ қосқан бикештің қазіргі дене сымбаты көңіл қуантарлықтай.

«Артық салмақ болды, бірінші жүктілік кезеңінде 32 келі жинағанмын, тіпті шектен тыс салмақ қостым. Кәдімгідей домаланып, томпаңдап жүрдім ғой. Екінші жүктілік кезеңінде 18 килограмм қостым. Бірақ одан қазір арылдым, өзімді жеңіл сезінемін. Өзімді сенімдірек және бақытты сезінемін», – дей өнер иесі.

Аша мінсіз мүсінді қайта қалпына келтіру үшін біраз тер төккен. Оның айтуынша, диета, дұрыс тамақтану, жанның тыныштығы – салауатты өмір салтының айқын көрінісі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1933115-turli-zagdailar-bar-arman-men-asa-zeke-omirine-qatysty-suraqtarga-nukte-qoidy/

pixel