Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бай америкалықтар өте сараң": Қазақ режиссері АҚШ-та жүк тасушы болған кездегі қиындықтары туралы айтты

Опубликовано:

Қанат Бейсекеев
Қанат Бейсекеев. Фото: Brod.kz

Небәрі 25 жасында қалың көпшілікке танылған, деректі фильм түсірумен айналысатын Қанат Бейсекеев АҚШ-та оқып жүріп, жүк тасушы болып жұмыс істеген күндерін есіне алды. Бұл туралы ол журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында баяндады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қанат Бейсекеев жоғарғы оқу орнын бітірген соң Нью-Йорктегі New York Film академиясына түсіп, сонда үш жыл бойы білім алған. Арнайы грант ұтып алған жас жігіт АҚШ-та күнкөріс үшін жұмыс істей бастаған. Дарынды режиссер жүк тасушы болып, қара жұмыс істегенін айтады.

Айтуынша, ол жұмыс істеу арқылы сондағы жергілікті халықтың мінез-құлқын, ойлау және өмір сүру салтын тереңірек түсінген. Сол себепті, мұндай жұмыс істегені үшін ешқашан арланбаған.

"Даяшы болып, жүк тасушы болып арасында жұмыс істедім. Бірақ, мен бұл уақытша екенін жақсы түсіндім. Маған бұл жұмыс ұнайтын. Мен онда жайдан-жай жүрген жоқпын. Басқа адамдардың өмірін зерттеумен, олардың тұрмыс-тіршілігіне үңілумен болдым. Бұл мен үшін уақытша тәжірибе болды.

Физикалық еңбекті бағалауды үйрендім. Жалпы мен осы арқылы көп нәрсеге басқаша қарай бастадым. Адамдардың психологиясын, әлемдегі адамдардың бір-бірінен айырмашылығы аз екенін түсіндім. Зәулім-зәулім үйлерге кіріп көрдім. Супербай, суперкедей адамдарды көрдім, бай болса да, сараң адамдарды көрдім. Кей кездері шайпұл бермей, оны сұрап алатын, талап ететін кездер де болды", - дейді ол.

Режиссер бай-бақуатты бола тұра, сараңдығымен көзге түскен жандардан көрген қиындығы туралы да айта кетті.

"Біз клиенттерден түсетін шайпұлға өмір сүрдік. Сондықтан, оны беру мәдениеттіліктің белгісі, коды болып саналады. Ал шалқыған бай бола тұра, ақшаға қатты адамдар бізге шайпұл бермей қойған кезде, біз 12 сағат бойы тегін жұмыс істегенімізді түсінетінбіз.

Сондықтан, түсіндіріп, алып алуға тура келетін. Ондай кезде олар кешірім сұрап, шайпұлымызды беретін. Бірақ сараңдықтан бергісі келмей тұрғаны байқалатын. Бай америкалықтар сараң келеді. Олар артық доллар да шығармайды. Ал ТМД-дан барған өзіміздің, табысы орта деңгейдегі адамдар керісінше, жомарт екенін көрдім", - дейді ол.

Режиссердің айтуынша, ол киноакадемияда оқып жүрген кезде "Сәби" қорынан көп көмек көрген. Олар дарынды жастарға жатын орнының ақысын төлеп беріп, қолдау көрсетіпті. Қазіргі таңда Қанат Бейсекеев ТМД елдеріне өзінің деректі фильмдерімен кеңінен танымал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1941069-bai-amerikalyqtar-ote-saran-qazaq-rezisseri-aqs-ta-zuk-tasusy-bolgan-kezdegi-qiyndyqtary-turaly-aitty/

pixel