Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкеңе басқа әйел алып береміз деді": Жарқынай Ханайым туыстарынан көрген қорлығын айтып, жылап қалды

Опубликовано:

Жарқынай Ханайым. Фото
Жарқынай Ханайым. Фото: YouTuba/Менің өмірім

"Кешью" тобының экс-мүшесі, әнші Жарқынай Ханайым өзінің балалық шағы, туған жері, ата-анасы, сонымен бірге туыстарынан көрген тепереші туралы айтты. Әнші кішкентай күнінде анасы сәби көтере алмағандықтан, жақындарынан жағымсыз сөз естігенін айтып, көзіне жас алды.

"Менің өмірім" бағдарламасында Жарқынай Ханайым жан сырын ақтарды. Оның айтуынша, ол Өзбекстандағы "Еңбек" ауылында дүниеге келген. Жарқынай деген есімді оған атасы қойып кеткен. 29 жастағы актрисаның айтуынша, ол ата-анасының жалғыз қызы.

"Мен әке-шешемнің әрі ұлы, әрі қызы, көзінің ағы мен қарасымын. Анам мені ауыр босанғаннан кейін, басқа сәби көтере алмайтын болды. Сонда әкеме "Мен сенің бірінші әйелің болып отыра беремін, ұрпақ жалғай алмаймын. Сен үйлен, ұрпағыңды жалғастыр" деп өзі айтқан екен. Бірақ әкем қарсы болып, "Алла маған осындай тағдыр берген екен, осы қызды толық жанұяда тәрбиелеймін, сендерден кетпеймін. Сені жақсы көремін" депті. Қазірге дейін бірге", - дейді Жарқынай.

Бір қызығы, актрисаның ата-анасы жалғыз қызы қайда барса да, оны қолдап, жанында жүреді екен. Тіпті, 16 жасында Өзбекстаннан елге қашып келсе де, бойжеткеннің ата-анасы оған қолдау білдіріпті.

"Мен қайда барам олар сол жақта. Шымкентке оқуға келдім, артымнан олар да келді, Алматыға келдім, артымнан келді, Астанаға бардым, артымнан келді. Алматыға қайта келіп едім, олар да келді. Кішкентай кезімнен "Отаныма барсам екен, ұрыссам да, қырылыссам да қазақтармен бірге болсам екен" деген ой жиі келетін. Бөтен жерде жүргеніміз сезілетін. "Қазақстанға кетемін" деп олардың есін шығаратынмын. Жауапты сәт 16 жасымда музыкалық мектепті бітіргеннен кейін орын алды. Елге келгім келді. Бірақ ата-анам рұқсат бермеді. Ал мен болса чемоданымды алып, заттарымды алдым, ақшаны алып, әжеме кіріп, батасын алып, оқуға кетіп бара жатырмын деп, Шымкентке кеттім.

Сөйтіп, жүрек жұтып, үйден Қазақстанға қашып кеттім. Шымкентке барып, емтихан тапсырып жүрген кезде анам күйіп-пісіп артымнан келді", - дейді.

Сонымен бірге, ол ата-анасының өте қарапайым жандар екенін айтады. Сондықтан, олар қызының өздерін желіге салып, көпшілікке көрсеткенін қаламайтын көрінеді.

"Менің ата-анам өте қарапайым. Қарапайым жұмысшы. Жұмыс орнында ыңғайсыз болмас үшін, салмай-ақ қойшы деп сұрайды. Халық танып жатыр, сұрап, мазалап жатыр дейді. Олар енді біз сияқты күнде жарқырап жүрмейді ғой. Кейде әбіржіген түрімен базарға барып қалады дегендей. Сол үшін желіге салмауымды өтінген. Оларды көрсетуге ұялғаным емес, осындай себептен салмаймын. Мен ата-анаммен өте мақтанатын адаммын", - деді олю

Сұхбат барысында Жарқынай Ханайым өзінің анасының көрген қиындығы мен өзі туралы айтылған өсек-аяңдарды да есіне алып, жылап қалды.

"Мысалы мамама ауылда көп әңгіме айтылды. Сен тумайсың, сен ұрпағын жалғастыра алмайсың. "Басыңа көк тас қоятын адам жоқ" деп өзіміздің туысқандарымыз екеуінің көңіліне қатты тиетін сөздер айтатын. Бір жолы үйімізде өрт болып, әкем қолын күйдіріп алды. Сол аралықта мамам Қазақстанға келіп, жұмыс істеді. Бізде ол кезде көптеген өзбекстандықтар сөйтетін. Заман қиын еді. Жанұясын асырау үшін Нұрсұлтанға барып жұмыс істеді. Мен атам мен әжемнің үйінде жүрдім. Сол кезде бір туысымыз айтқан болатын: "Мамаң бәрібір тумайды ғой, саған тумайтын мама не керек? Қала берсін сол жақта, папаңа басқа туатын әйел алып береміз" деп. Мен өзім анамды сағынып жүрмін. Әркімге өзінің анасы қымбат. Анам мен үшін қанша қиыншылық көрді. Әкем де бізді, мені тастаған жоқ. Қазақстанға келіп, жұлдыз атанып, үлкен сахналарға шыққан кезде, жоқ туысқандарымыз табыла бастады. Тіпті, енді ғана әнші бола бастағынымда, ауылда көп әңгіме жүрді. "Жарқынай біреудің тоқалы болып, екінші әйелі болып жүр екен" деген өсек-аяңдар айтылыпты. Сол кезде анама өте ауыр тиді. Жалғыз болғаным үшін, "сол бір қызы не істеп береді" дейсің деп табалаған. Мен үшін ол кісілер өте көп сөз естіді. Сондықтан олар туралы мен эмоциясыз айта алмаймын", - деген актриса көзіне жас алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1944068-akene-basqa-aiel-alyp-beremiz-dedi-zarqynai-xanaiym-tuystarynan-korgen-qorlygyn-aityp-zylap-qaldy/

pixel