"Зардап шеккендер көп": Динара Сәтжан алаяқтардың арбауына түскен сіңлісі туралы айтты

Опубликовано:

Динара Сәтжан
Динара Сәтжан. Фото: instagram.com/dinarasatzhan/

Танымал тележұлдыз жақын сіңлісінің алаяқтарға алданып қалғанын айтты. Ол бүгінде қоғамда белең алған жалған несие рәсімдеу мәселесін көтерді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы ол өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазды. Журналистің айтуынша, сіңлісінің атына әлдебіреулер 1 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Бұл үшін олар бойжеткенді алдап түсірген.

"Қараша айында сіңліме "банктен" қоңырау шалған. Телефонның арғы жағындағы дауыс оған әлдебіреулер несие рәсімдегісі келгенін жеткізген. Осылайша, тез арада банк қосымшасын жүктеп, қауіпсіздік үшін қадамдар жасауды сұраған. Нәтижесінде, оның атына 1 млн теңге рәсімдеген. Сіңлім қазақтілді. Ал арғы жақтағы дауыс орысша сөйлеген. Сіңлім олардың айтқанын істеген. Он минуттың ішінде онлайн-несие рәсімделіп үлгеріпті", - дейді ол.

Сәтжанның айтуынша, банктің қауіпсіздік қызметі рәсімделген несие сомасы кімнің шотына түскенін нақты анықтаған. Сол себепті, олар алаяқты таптық деп арқаны кеңге салып жүріпті. Алайда желтоқсан айында несиені төлеу мерзімі өтіп кетті деген хабарлама келген.

"Ал шотына ақша түскен адамның анықталғаны маңызды емес пе? Бұл түйінді шешу мүмкіндігі бар еді ғой. Құрбандар аз емес сияқты. Бұл мәселені түбегейлі шешуге болады. Бірақ банкке онлайн-несиені кім рәсімдегені маңызды емес деп ойлаймын. Бастысы, несие алынды. Төле. Ал алаяқтар, сенің проблемаң. Ендігі бар үміт біздің полицияда. Барлық деректер оларда бар", - деп жазды ол.

Желі қолданушылары тележұлдызды қолдап, бір-бірін бұл мәселеде сақ болуға шақырды. Пікірлерге сүйенсек, алаяқтардың несие рәсімдеуі бүгінде дертке айналған проблема болып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1948115-zardap-sekkender-kop-dinara-satzan-alayaqtardyn-arbauyna-tusken-sinilisi-turaly-aitty/