Меруерт Түсіпбаева Павлодар қаласына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімін беруді ұсынды
Жарияланған күні:
Отандық әнші Меруерт Түсіпбаева өзінің Facebook желісіндегі парақшасында Павлодар қаласына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімін беруді ұсынды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Меруерт Түсіпбаева қоғамда орын алған түрлі жайттарға қатысты ұдайы пікір білдіріп, өзінің азаматтық ұстанымын ашық айтатын өнер иелерінің қатарында. Ол Facebook әлеуметтік желісінде аса белсенді. Күні кеше ол өз парақшасында Павлодар қаласының атауын өзгертіп, оған қазақтың ғұлама ғалымы, жазушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімін беруді ұсынды.
"Павлодарға ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің атын берейік" деп жазды ол.
Еске салсақ, Павлодар қаласының атауын өзгерту мәселесі қоғамда бірнеше мәрте талқыланған болатын. Ел белсенділері облыс орталығының атауына бірнеше нұсқаны ұсынған. Оның ішінде, Jebe қоғамдық ұйымының өкілі Жұмабек Сманов Павлодардың атауын Ертіс деп өзгерту туралы ұсыныс жасаған болатын.
2019 жылы "Ақ Жол" партиясы төрағасының орынбасары Қазбек Иса Павлодарды Кенесары хан, Петропавлды Абылай хан деп атауды ұсынды. Сонымен қатар, әр жылдары Павлодарға Кереку, Нұрқала, Нұркент деген сынды атау беру ұсынылған. Тарихы Ертіс өзенінде Коряковский бекінісі салынған 1720 жылдан басталатын Павлодар қаласына қазіргі атауы 1861 жылдың сәуірінде берілген болатын.
Ал 2020 жылы Павлодар атауын өзгерту туралы ұсыныстарға қала әкімдігі жауап беріп, халық санағы жүргізілгенге дейін бұл мәселе қарастырылмайды деп мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1951733-meruert-tusipbaeva-pavlodar-qalasyna-mashur-zusip-kopeiulynyn-esimin-berudi-usyndy/