"Тамақ жоқ, ақша жоқ": Дариға Бадықова өнерге алғаш қадам басқан кезін есіне алды
Жарияланған күні:
Отандық танымал актриса Дариға Бадықова өнер жолына қадам басқан кезін есіне алып, басынан өткерген қызықты сәттерін оқырмандарына бөлісті. Ол жетістікке жету жолында қандай қиындықтардан өткенін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Дариға Бадықова Instаgram желісінде оқырмандарына өмірбаянын жиі әңгімелейді. Бұл жолы актриса өнерге қалай келгенін айтып берді.
"Мен өнер жолына келемін деп тыраштанып жүргенде қиын болды ғой. Тамақ жоқ, ақша жоқ, жағдай қиын. Ойласам, өнерге бес жасымда келіппін. Сахнаға киіп шығатын не бір әдемі туфлиім, не көйлегім жоқ. "Бармен базар" болып, тапқандарымды киіп шығам. Өнерге берілгенім сонша, ауылдан аудан орталығына дейін, мәдениет үйіне, 6 километр жаяу жүріп барамын. Нағашы атам малшы болды. Ат арбасы бар. Кейде жолым болғанда сол ат арбамен барамын.
Мәдениет үйінің дәл алдына келіп, артынып-тартынып ат арбадан түсіп жатамын. Сонша жол жаяу жүргесін етік деген шақ келе ма?! Әпкелерімнің қалған-құтқан етіктерін киіп өстім. Әйтеуір, бір күні Алла қолдап көзге түсіп, ауданға көштік", - деп жазды өнер иесі.
Бадықова өнер жолына ауылындағы Мәдениет үйінің арқасында келгенін айтты.
"Менің өнер адамы болуыма ауылдағы мәдениет үйінің үлкен септігі тиді. Кішкентайымнан мәдениет үйінде жұмыс жасап ақша таптым. Мен үлкен ошақта тәрбиелендім. Үлкен кісілермен гастрольге шықтым. Қаланы, аудан орталықтарын, ауыл аймақтарды аралап, концерт қойдық. Соның бәрін санама түйдім. Жыл сайын Тараз қаласына "Тараз жұлдыздары" деген байқауға баратынмын, міндетті түрде жүлделі болып қайтатынмын. Кілем, магнитофон, жылқы, сиыр, қойға дейін сыйлықтар алдым", - деп жазды ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1951735-tamaq-zoq-aqsa-zoq-dariga-badyqova-onerge-algas-qadam-basqan-kezin-esine-aldy/