Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"5:32" сериалының актерлері әншілікке бет бұрып, жаңа әнінің тұсауын кесті

Опубликовано:

Мансұр мен Қобыланды
Скриншот: YouTube/"Қызық Live"

Триллер жанрындағы отандық "5:32" сериалында басты рөлді сомдаған Әбілмансұр Серіков пен Қобыланды Болат "Қызық Live" Youtube бағдарламасында қонақта болды. Шығарылым барысында актерлердің жеке өмірі мен сериалдан тыс шығармашылығы әңгіме болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бағдарлама барысында Әбілмансұр (Шалқар) мен Қобыланды (Думан) сериалда ғана емес, өмірде де дос екендігі айтылды. Екеуі де – Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың актерлары.

«Экранда ғана емес, өмірде де доспыз. Отбасымызбен араласамыз, бір театрда жұмыс жасаймыз. Бұл (Мансұр – ред.) – менің "старшагым". Мен 2019 жылы Қалибек Қуанышбаев театрына орналастым. Сол уақытта маған келгеннен бері маған "старшак" болды, әлі де "старшак", – дейді Қобыланды.

«Старшак» сөзінің мағынасына: "Тәртіп, сыйластық деген сияқты ғой. Ол анандай бір қатты дедовщина нәрсе емес. Кәдімгі сыйластық деген нәрсе ол", – деп түсіндірді Әбілмансұр.

Сондай-ақ, бағдарлама барысында Қобыландының (Думан) бұған дейін талай ән байқауларына қатысқаны белгілі болды. Ол 2016 жылы "Музарт Live" бағдарламасына қатысып, бағын сынап көрген екен. Өтпей қалғанына өкінбейтінін жеткізді.

"Өмірі жолым болмай қалады сол байқауларда. Бірақ мен қазір көбінесе әншілікте емес, театр, киноға қарай бет бұрып жатырмын. Бірақ ән айтамын. Музарт Live – алғашқы бірінші байқауым, вокалдық тұрғыда. Сол кезде кішкене қатты қобалжып кеткеннен кейін болмай қалды. Дым өкініш жоқ. Бір тәжірибе болды деп ойлаймын", - дейді өзінің әншілігіне қатысты Қобыланды.

Қазіргі уақытта Қобыланды өзінің әндерін жазып, жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Тіпті Әбілмансұр екеуі бірігіп ән жазған көрінеді. Әнін Қобыланды жазса, сөзін Әбілмансұр жазған екен.

Өз кезегінде Қобыландының әншілік қырына қатысты досы Әбілмансұр пікірін білдірді. Оның айтуынша, оның даусы да, диапозоны да баршылық.

"Қобыланды – әнші, актер. Өзі музыкальный мектепті бітірген. Дауысы да, диапозоны да керемет. Бірақ мен әнші емеспін. Жақында екеуіміз бір ән жаздық. Естелік болсын деп бір ән жаздым. Ары қарай әнші болып кетемін деп айта алмаймын. Әнін Қобыланды жазды, сөзін мен жаздым. Екеуіміз дуэт жаздық", – дейді ол.

Әбілмансұр да, Қобыланды да тағы да бірге киноға түсу ойларында бар екенін айтты.

"Жоспарланып жатқан ештеңе жоқ. Бірақ ойда бар. (бірге киноға түсу туралы). Шалқар мен Думаннан алыстаған, өзгеше бір айналып кеткен дүние болса, неге түспеске?" - деді актерлар.

Айта кетерлігі, шығарылым соңында Әбілмансұр мен Қобыланды естелік ретінде "Жарық" атты ән жазғанын хабарлап, сахнада орындады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1959860-532-serialynyn-akterleri-ansilikke-bet-buryp-zana-aninin-tusauyn-kesti/

pixel