Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Залда ине шаншар орын жоқ": Құрманғазы оркестрінде Роза Бағлановаға арналған кеш өтті (фото, видео)

Опубликовано:

"Халықтың қаһарман қызы" концерті
Фото: Құрманғазы оркестрінің баспасөз қызметі

Алматыда Қазақстанның және бұрынғы КСРО халық әртісі, "Халық қаһарманы", біртуар әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған "Қазақтың қаһарман қызы" атты мерекелік кеш өтті. Құрманғазы оркестрінің концерт залы көрерменге лық толы болып, ине шаншар болмады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Роза Тәжібайқызы 1960 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін жемісті еңбек еткен "Қазақконцертте" - қазіргі Құрманғазы оркестрінің концерт залында Ұлттық оркестрдің сүйемелдеуімен әншінің ғұмырлы әндері қайта жаңғырды.

Көктемнің әдемі кешінде Мәдениет министрлігіне қарасты "Қазақ әуендері" АҚ ұйымдастырған ғажайып ән кеші көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Концерт күміс көмей әншінің өзін де, әсем әндерін де сағынған көрерменнің көптігімен есте қалды. Залда ине шаншар орын қалмай, кей көрермен концертті жерде отырып, ал кейбірі есік сыртында тұрып тамашалады.

Тыңдарман қауым кеш басталысымен орындарынан тұрып, Роза Тәжібайқызын қошеметпен еске алды. Концерт барысында әншінің репертуарындағы әндерді көпшілік өнер жұлдыздарымен бірге қосыла шырқады.

Концертте Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Алтынбек Қоразбаев сынды майталмандармен қатар қазақ эстрадасының белді өкілдері Гүлнәр Сиқымбаева, Жеңіс Сейдолла, Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Ысқақова, Игорь Благодарный, Айгүл Иманбаева, Бауыржан Исаев, Асхат Үрпеков, Шаба, Әденқұл, Зарина Жакенова Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрімен бірге өнер көрсетті.

Айта кетерлігі, даңқты әншінің мерейтойы осы жылдың 1 наурызында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты түрде ашылған болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл шара бұқаралық сипатқа ие болып, жыл көлемінде еліміздің барлық өңірінде өткізіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1965004-zalda-ine-sansar-oryn-zoq-qurmangazy-orkestrinde-roza-baglanovaga-arnalgan-kes-otti-foto-video/

pixel