"Mad Men" q-pop тобының мүшелері есірткі өндіріп, сақтағаны үшін сотталды
Жарияланған күні:
Белгілі "Mad Men" q-pop тобының мүшелері психотроптық заттар мен есірткіні сату мақсатында дайындағаны және сақтағаны үшін ұзақ мерзімге сотталды, деп хабарлайды Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
”Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Mad Men тобының мүшелеріне қатысты қылмыстық топ құру және оған жетекшілік ету, аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды дайындау, сақтау, оларды өткізу мақсатында есірткі затын ірі мөлшерде сақтау, психотроптық затты өткізу фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды.
2020 жылдың қыркүйек айының басында Х. қылмыстық топ құрып, құрамына 6 адам кіргізген. Олардың барлығы мефедрон психотроптық затының аналогын заңсыз дайындауға және гашиш есірткі затын өткізуге қатысқан.
Қылмыстық топтың жетекшісі Х. әр қатысушыға рөлдерін таратып берген, соған сәйкес ол өзі мефедрон өндіруге арналған құрамдас бөліктерді алумен айналысып, сатып алушылармен келіссөздер жүргізген.
Басқа қатысушылар Алматы қаласында зертхана ретінде жабдықталған коттедждің жертөлесінде психотроптық заттарды өндіріп, кейін оларды бөлек дозаға салып, құны туралы ақпаратты арнайы құрылған сайттар мен чаттарда жариялаған.
Топтың қалған мүшелері Алматыдағы қоғамдық орындарға бетбелгі қоюмен айналысқан.
2021 жылдың 14 сәуірінде топ мүшелерінің бірі М. Алматы қаласындағы үйлердің ауласына екі бумаға орап, заңсыз дайындалған мефедронды ірі көлемде алған. Сол күні полицейлер жоғарыда аталған бумаларды тауып, тәркілеген.
2021 жылғы 20 сәуірде жоғарыда аталған коттедждің жертөлесін, сондай-ақ бір үйдің сарайын тінту кезінде аса ірі мөлшерде психотроптық заттар, оны өндіруге арналған құрал-жабдықтар мен құрамдас бөліктер, аса ірі мөлшерде гашиш табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар, М.-ның тұрғылықты жерін тінту кезінде, атап айтқанда, үйдің ауласында тас астынан, аса ірі мөлшердегі мефедрон салынған 2 байлам табылды”, - деді соттың баспасөз қызметі.
Сотта прокурор айыптауды қолдап, қылмыстық топтың басшысын 18 жылға, ал қалған қатысушыларды 17 жылдан 17,5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот үкімімен Х. есімді азамат ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету, аса ірі көлемде өткізу мақсатында психотроптық заттың аналогын заңсыз дайындау, сақтау, қылмыстық топтың құрамында аса ірі мөлшерде есірткі құралын электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы ұйымдасқан топтың құрамында сату мақсатында сақтау қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 17 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қалған қатысушылар заңсыз дайындау, аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында психотроптық заттың аналогын сақтау, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, ұйымдасқан топ құрамында электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде есірткіні сақтау үшін кінәлі деп танылды.
Олардың үшеуіне 16 жыл, қалған қатысушыларға 15 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қалалық сот барлық сотталушының жасы мен бұрын соттылығының жоқтығын жеңілдететін мән-жайлары ретінде таныды.
Сонымен қатар, сот сотталушы С.-ның кінәсін ішінара мойындауын жеңілдететін мән-жай деп қабылдады.
Ешқандай ауырлататын мән-жайлар табылған жоқ. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1967040-mad-men-q-pop-tobynyn-museleri-esirtki-ondirip-saqtagany-usin-sottaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.