Өзбекстандық әншіге Ресейге 2072 жылға дейін кіруге тыйым салынды
Опубликовано:

Украинадағы жағдайға қатысты пікірін ашық айтқан танымал өзбекстандық әнші Наргиз Закироваға Ресейге 2072 жылға дейін кіруге тыйым салынды. Бұл туралы әншінің адвокаты Бахром Исмаилов мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі "СтарХит" басылымына сілтеме жасап.
Бахром Исмаиловтың айтуынша, таяуда Ресейге барған әншіге, Домодедово әуежайынан туған жері Өзбекстанға қайтуына тура келген. Себебі, оған Ресейге 2072 жылға дейін кіруге тыйым салынған.
"Менде 50 жылға дейін кіруге (Ресейге-ред.) тыйым салынғаны туралы қаулы бар. Бұл арнайы операцияны сынға алып жатқан, қоғам алдында жүрген тұлғаларға қатысты енгізілген шектеудің бірі. Наргиз Закироваға да қатысты сондай шектеу енгізіліп отыр.
Наргиз бұған дайын болды. Ол өзіне қатысты мұндай шара қолданылуы мүмкін екенін алдын ала білді. Дегенмен соған қарамастан, ол өзінің азаматтық позициясын өзгертпейді", - дейді Исмаилов "СтарХитқа" берген сұхбатында.
Айта кетейік, Наргиз Закирова 1970 жылы Өзбекстанда танымал өнер адамдарының отбасында дүниеге келген.
1995 жылы отбасымен АҚШ-қа қоныс аударған. Кейін сол елдің азаматтығын алған. 2013 жылы ресейлік "Голос" шоуында бақ сынап, екінші орынды иеленді. Бұл шоудан кейін Ресейде шығармашылығын дамытты.
Ресей Украинада арнайы операция бастағанын хабарлағаннан кейін, әнші Өзбекстанға оралғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1971498-ozbekstandyq-ansige-reseige-2072-zylga-deiin-kiruge-tyiym-salyndy/