"8 жас үлкен": Актриса Аида Жантілеуова жұбайымен қалай танысқанын айтып берді (фото)

Опубликовано:

Актриса Аида Жантілеуова күйеуімен
Актриса Аида Жантілеуова күйеуімен. Скриншот: youtube.com/ Менің өмірім бағдарламасы

Актриса Аида Жантілеуова өзінен 8 жас үлкен жарымен қалай танысқанын айтып берді. Өнер иесі өзін алдымен енесі сериалдан көріп, ұнатқанын айтады. Бұл туралы ол "Менің өмірім" бағдарламасында баяндады.

Актрисаның айтуынша, күйеуімен танысуына қайын сіңлісі себепкер болған.

"Ұлы жүзге, албан еліне келін болдым. Есімі - Ерғазы. Мен жолдасымды көрсеткім-ақ келеді. Бірақ, ол кісі ондайды ұнатпайды. Әлеуметтік желіге қызықпайды, отырмайды. Маған үйленгенге дейін менің өнер адамы екенімді, актриса екенімді білмеген.

Оған менің суретімді қайын сіңлім жіберген. Сөйтсем, енем екеуі (қайын сіңлісі - ред.) "Базарбаевтар" сериалын көріп, ұнатып жүрген екен. Жасы жеткен, үйленбей жүрген баласы мен бауырына келін іздеп жүретін қазақтың әдеті ғой. Сөйтіп суретімді жіберіп, "Мына қыз қалай?" деп жазып жібереді. Керемет деген смайлик жіберген. "Бұл қыз кім?" деп сұраған. Содан мені көріп, бір көргеннен ұнатып қалған. Анасы мен қарындасы "Біз саған тауып бердік. Әрекетін өзің жаса" деп айтады.

Сосын Әуезов театрында таныстары бары есіне түсіп, менің телефон нөмірімді алған. Таныстығымыз солай басталды. Оны кейін өздері айтып берді", - дейді Аида Жантілеуова.

Аида Жантілеуованың күйеуі мен балалары
Аида Жантілеуованың күйеуі мен балалары. Фото скриншот: youtube.com/Менің өмірім бағдарламасы

Өнер иесі алғашында болашақ жарына аса көңіл бөлмей жүрген.

"Басында көп көңіл бөлмей жүрдім. Себебі, менен сегіз жас үлкен болды. "Осынша жасқа келгенше неге үйленбей жүр? Бірдеңесі бар шығар. Мүмкін ажырасқан. 24-ке келіп, ойланбай тұрмысқа шыға салатын жаста емеспін ғой" деп ойладым. Сұрасам, үйленбеген, балалары жоқ екен", - деп күлді ол.

Актриса алғаш рет жолдасымен Астана қаласында танысқан.

"Мен Астанада жүргем. Ол да жұмыс барысымен Астанада жүреді. Содан маған Әуезов театрындағы досы хабарласып, "Менің бір досым бар, сенімен танысқысы келеді" деп айтты. Мен де "Танысқысы келсе, өзі хабарласпай ма? Осы ортаға адам салып жүретін жеңгетайларды жек көрем" деп айта салдым. Содан досы дәл солай жеткізген. Ол намыстанып, өзі хабарласып, тамақтануға шақырды", - деп жан сырын ақтарды Аида Жантілеуова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1988702-8-zas-ulken-aktrisa-aida-zantileuova-zubaiymen-qalai-tanysqanyn-aityp-berdi-foto/