Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Абайдың соңғы күндері" деректі фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті

Опубликовано:

«Абайдың соңғы күндері» деректі фильмі
Фото: "Хабар" телеарнасы

Елордада "Абайдың соңғы күндері" деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Ұлы ойшылдың ақырғы күндері туралы бір сериялы тарихи кино "Хабар" Агенттігі" АҚ тапсырысымен түсірілген.

Ақын өміріндегі ең ауыр соққы болған ұлы Мағауияның қазасынан кейінгі ақырғы қырық күнін Абай қалай өткізді? Не күй кешті? Не айтты? Фильм және сценарий авторлары – жазушы-журналист Қанат Тілеухан мен әдебиетші-ғалым, публицист Бағашар Тұрсынбайұлы осы сұрақтарға жауап іздеп, Абайдың соңғы қырық күндегі бейнесі мен рухани ахуалын көрсетеді.

Қанат Тілеухан
Фото: "Хабар" телеарнасы

"Біз ақын өмірінің бір кезеңіне ғана тоқталдық. 1904 жылы Балашақпақ жайлауынан Абайдың сүйегі қайтты. Уәсилә Мағауияқызының айтуынша, хәкімнің демі Балашақпақтағы Қырықошақ деген жерде үзілген. Осы Қырықошақта болған қайғылы оқиғаға дейінгі ақынның қырық күні фильмде қамтылған. Абайдың данышпан екенін бәріміз білеміз де, қарапайым адам екенін қаперге ала бермейтін сияқтымыз. Өмірінде жасып көрмеген, ғажайып қайрат, кемел ақыл иесі Оспан, Әбіш қайтыс болғанда қатты күйзелді. Бірақ, Мағауия тірі болатын. Бар сүйеніші, үміт артқаны қасында болды. Алайда, жасынан жабысқан дерт ақыры Мағашты да алып тынады. Бұл қаза Абай өміріндегі ең ауыр соққы болды. Көрермен қауым ақын бейнесін жаңа қырынан көріп, өмірінің соңғы күндеріндегі рухани хәлін тани түседі деп үміт етеміз", - деді Қанат Тілеухан.
«Абайдың соңғы күндері» фильмі кейіпкерлерімен
Фото: "Хабар" телеарнасы

"Абайдың соңғы күндері" фильмі кейіпкерлерімен құнды болмақ. Олардың бәрі Абай елінде туған, ақын өмірінің шежірелі қатпарларынан хабары бар адамдар. Мысалы, Нәстілек Сәменбетов – Абай шәкірті, Уәйіс Шондыбайұлының жиені, Шағжан Исабаев – әйгілі Бекен Исабаевтың ұлы, шежіреші, Құсман Берлешов – Тәңірберді Құнанбайұлының ұрпағы, Манатай Балтақайұлы – Ырғызбай тұқымы. Фильмнің режиссері – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекзат Смадияр, продюсер – ақын Серік Қалиев.

Берік Уәли
Фото: "Хабар" телеарнасы

"Абайдың соңғы күндері" - "Хабар" Агенттігі биылғы жаңа телемаусымда көрерменге ұсынып отырған түрлі жанрдағы жүзге тарта жобаның бірі және бірегейі. Біздің Агенттіктің тапсырысымен аталған жобаны қолға алған белгілі журналист, жазушы Қанат Тілеухан бұл туынды арқылы бүкіл қазақтың қайғысын арқалаған ұлы ақынның соңғы 40 күндегі ішкі дүниесіндегі арпалысқа, терең күйзеліске негіз болған оқиғалар арқылы үңіледі. Кейіпкерлердің айтуымен кейбір тың деректерді ашып, көрерменге ой салады", - деп жеткізді "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли.

Тың туындыны көрермендер Республика күніне орай "Хабар" телеарнасынан тамашалай алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1992067-abaidyn-songy-kunderi-derekti-filminin-aldyn-ala-korsetilimi-otti/

pixel