"Жұбатуға тырыспаңыздар": Баласы шетінеген Әсел Асқар таныстарына өтініш айтты (видео)

Опубликовано:

Әсел Асқар
Әсел Асқар. Фото: instagram.com/assel.askar

Ауыр дерттен баласы шетінеген Әсел Асқар қайғыдан қабырғасы қайысып жүргенін айтты. Актриса өзінің таныстары мен мүлде танымайтын қолдаушыларына өтініш білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әсел Асқар осыдан бірнеше апта бұрын кенже ұлының қайтыс болғанын хабарлаған болатын. Актрисаның ұлы Айбарыс сегіз айлығында ауыр дерттен қаза тапты.

Өнер иесі отбасындағы ауыр қазадан соң байланысқа шығып, таныстары мен өзін мүлде танымайтын желідегі оқырмандарына өз өтінішін білдірді.

"Менде бәрі жақсы. Қалай бәрі жақсы? Тірімін, өмір сүруге талпынып жатырмын. Менің жағдайымды сұрап, амандығымды біліп жатқан барлық жанға алғысым шексіз. Иә, тірімін, саумын. Өзімді қолға алуға тырысып жатырмын. Үйде отыру мүмкін болмағандықтан, сыртқа шықтым. Өзім жалғыз қала алмаймын, сансыз ойлар маза берер емес", - деді актриса.

Өнер иесінің айтуынша, ол көріскенде көздеріне жас алып, аяушылық білдіретін таныстарына өтініш айтты.

"Таныстарыма айтарым, өтініш, көргенде жылап, аяп, жұбатуға тырыспаңыздар. Маған онсыз да оңай емес. Өзімді әрең ұстап жүрмін. Мені мүлде танымайтын адамдар, өтініш! Мені камераға түсіріп, саусақпен шұқып көрсетпеңіздер. Мен бәрін байқап жүрмін, бұрылып сыбырласасыздар. Мұндай жағдайдан кейін бір жерге жасырынып қалғың келеді. Өтініш, этика нормаларын сақтаңыздаршы. Маған онсыз да оңай емес", - деп жан сырын айтты Әсел Асқар.

Сондай-ақ өзіне діни кеңестер берудің де қазір өзіне пайдасы жоғын жеткізді.

"Түсінемін, қазір менің жарамды жеңілдеткілеріңіз келеді. Бірақ қазір бұл орынсыз. Көңіл айтып жатқан жандардың бәріне алғысым шексіз. Мен бәрін көріп отырмын, оқып жатырмын.

Кейде "Онда неге бұл жағдайды желіде бөлістіңіз? Сіз желіде уақыт өткізуге күшті қайдан тауып жатырсыз? Бұл қайғыны ешкімге айтпасаңыз да болатын еді" деп жатады. Бұл кісілерге айтарым "Құдай басқа салмасын. Мен қазір қайғымды тек осылай бөлісіп отырмын. Мені сынағанды қойыңыздар", - деді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1993154-zubatuga-tyryspanyzdar-balasy-setinegen-asel-asqar-tanystaryna-otinis-aitty-video/