Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Нота білмеймін": "Қызыл раушан" хитінің орындаушысы Ұланғасыр Қами туралы не білеміз (видео)

Опубликовано:

Ұланғасыр Қамиев
Ұланғасыр Қамиев. Фото: instagram.com/ulangasyrqamiev

Бүгінде хитке айналған "Қызыл раушан" әнінің орындаушысы Ұланғасырдың танымал айтыскер Дидар Қамиевтің інісі екенін бірі білсе, бірі білмейді. "Менің өмірім" бағдарламасына сұхбат берген жас әнші өнер жолының ағасы секілді айтыстан басталғанын сөз етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ

Бағдарлама жүргізушісі "Сіздің де өнердегі алғашқы жолыңыз айтыстан басталған екен. Сахнаға айтыспен шыққан сәттерді еске алайық", - деп сұрайды.

Ал жас әнші әлі күнге нотаны білмейтінін айтып, ағынан жарылды.

"Жалпы өнерге қызығушылығымды айтып өтсем, үш жасымда түріктің Таркан деген әншісінің әнін жаттап алып, үйдегілердің бәрін отырғызып қойып, кішігірім концерт қоятынмын. Қазір қарап отырсам, сол кезде қызығушылығым болған екен. Дидар ағам сол уақыттарда айтысқа қатысып жүретін.

Сосын Айдар есімді ағам екеумізді (Дидар Қамиев - ред) айтысқа дайындады. Айтатын нәрсенің бәрін жазып берді. Бір айдай дайындалдық. Бір күн қалғанда Айдар ағам "Айтыспаймын" деді. Дидар ағам оған ашуланды. Бірақ, мен дайын едім. Ертеңіне айтысқа барып, финалдан бір-ақ шықтым. Доскей деген ақынмен өнер көрсеттім.

Сөйтсем менде ақындық та бар екен, екінші орын алдым. Сонда оқушылар айтысына бірінші рет шықтым. Ол кезде домбыра да тарта алмаймын. Дидар ағам "Әгигәгім" деген мақам үйреткен болатын. Соны бір айдың ішінде үйреніп алдым. Нотаны әлі күнге дейін білмеймін", - деді Ұланғасыр Қамиев.

Бағдарлама барысында әнші хит әннің қалай дүниеге келгенін де жасырмады.

"Қызыл раушанның сөзін өзім жазайын десем, жаза алмаймын. Дәл сол кезде Шатунов өмірден өткен болатын. Қуантқан деген ағамыз "Мынау бір естелік беретін сияқты. Мәтінге Шатуновты қосыңдар" деп ұсыныс айтыпты. "Шатунов "Белые розы" деп әндетсе, мен сені қызыл раушанға теңеймін" деген ой келді. Ойымды Дидар ағама айттым.

Ол кісі "Мына әнді мен де жаза алмаймын. Бір жазса, Мирас Асан жазады. Оның "Соңғы раушан" деген кітабы бар" деді. Нөмірін берді. Ол кісіге ойымды айтып едім, бір сағатта жазып берді. Ертеңіне "Қызыл раушан" жарыққа шығады. Қазір әннің жалпы қаралымы – 37 миллион.

Ән шыққаннан соң, ойыма образ келді. Әкемнің де мұрты болған. "Ескі киімдерді киіп, Алматының базарына барып видео түсірейінші" деп ойладым. Әкемнің билеп жүрген видеосы бар. Ескі видеоларды қарасам, ритмсіз-ақ билеген екен.

Базарға барып түсіріп, Тик-токқа салсам бір миллион қаралым жинапты. Адамдар неше түрлі пікір жазды. Ауылға барып түсіру туралы ой келді. Оны желіге салсақ, тағы миллион жинайды. Одан сайын құмарым ауды. Тағы біреуі - 2 миллион, үшіншісі - 3 миллион жинайды. Бейнебаян түсіру үшін ауылдың тобына "Біз клип түсірейін деп жатырмыз" деп жаздық. Бәрі үйдегі ескі заттарын береді. Бір көлікке отырып алып, бәрін жинадық. Youtube желісіне салдық, он миллион қаралым алып келді.

Бейнебаян шыққан соң теріс пікір де жазылды. Бейнебаянда бірінші ақ раушанды лақтырып, қызыл раушанды қолыма алғаныма "Шатуновқа құрметсіздік", "Шатуновтан садаға кет" деп пікір жазды адамдар. Негізі қолдап, жақсы көретін халық көп. Теріс пікір жазушылардың айтқаны рас болса, трендте болмас еді. Бұл шынайылық, халыққа ұнады", - деді Ұланғасыр Қамиев.

Бағдарлама барысында жүргізуші әншіден "Танымал болып өзгеріп жатырмын деп айтып отырсыз. Танымалдылығыңыз табысыңызға да әсер етіп жатқан шығар", - деп сұрайды.

Ал әнші қазіргі таңда табысының аз еместігін жеткізді.

"Осыған дейін ақшаға қатты мұқтаж болып келдік. 100 мың теңге біз үшін таптырмас ақша болатын, миллиондай көрінетін. Қазір күнде шүкіршілік айтып жүрміз. Қазір 100 мың теңге ақша емес сияқты көрініп бара жатыр. Сол күнімізді еске түсіріп қоямыз. Иә, табыс келіп жатыр, Аллаға шүкір. Осы күнге дейін қиналып, еңбектенгенімізге Алла беріп жатыр", - деді Ұланғасыр Қамиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1994985-100-myn-tenge-aqsa-emes-siyaqty-qyzyl-rausan-xitinin-oryndausysy-tanymaldylyqtyn-tabysyna-qalai-aser-etkenin-aitty-video/

pixel