Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Достарына "сіз" дейтін": Димаш Құдайбергеннің алғашқы ұстазы ол туралы ерекше естеліктерін бөлісті

Опубликовано:

Клара Қажығалиева мен Димаш Құдайберген
Клара Қажығалиева мен Димаш Құдайберген. Фото: Клара Қажығалиева мұрағатынан

Клара Қажығалиева - танымал әнші Димаш Құдайбергеновке әліппе үйреткен ұстаз. Ақтөбе қаласындағы №32 мектептің мұғалімі KAZ.NUR.KZ тілшісіне әншінің балалық шағы туралы айтып, сұхбат берді.

Әншінің әлемге тараған бала күнгі суреттері мен видеоларының барлығы мұғалімінің архивінен алынған. Таң қаларлығы, бастауыш сынып мұғалімі ұстаздық еткен 33 жыл ішінде 300-ден аса шәкірттің балалық шағынан естеліктер сақтаған. Ұстаз үшін соның ішінде Димаштың орны бөлек. Ол шәкіртіне “Болашақ әнші” деген атақты 20 жыл бұрын беріп қойғанын айтып берді. 

"Димаштың отбасымен жақсы таныспын. Ол мектепке келгеннен ерекшелеу бала болды. Бойы ұзын. Ақ костюм-шалбар киіп жүргенді ұнататын. Бала күнінен адамдарды шынайы жақсы көре білді. Ақжарқын, оқуға құштар, тез тіл табысады. Әлемді мойындатып, жұлдыздай жарқыраған оқушыма "әнші" деген атақты 20 жыл бұрын беріп тастаған екенмін. Оны архивтер арасынан тауып алдым.

Ол кезде мектебіміздің он жылдығын атап өттік. Бала Димаш - оқушыларымның бірі. Пирамида арқылы жұмысымды көрсету керек болды. Оған көп баланың ішінен "Болашақ әнші" деп 1-сыныптағы Димашымның суретін іліппін”, - дейді Клара Қажығалиева. 

Ұстазының айтуынша, бұл таңдау кездейсоқ емес. Кішкентай Димаш мектепке келгеннен шынайы жақсы көру, мәдениетті болудың үлгісін көрсете білген. 

"Димашты алғаш мектепке атасы-әжесі, нағашы әжесі және Қанат, Света әкелді. Бастауышпен қоштасуға да бесеуі келді. Қанат пен Света жұмыста болғандықтан, менімен көбіне ата-әжесі байланыс жасап отырды. Үнемі мектепке атасы әкеліп, өзі алып кететін. Үйде әжесі қарайды. Ата-аналар жиналысына ата-әжесі қатар келеді.

Есімде, ол кісілер баланың тәрбиесіне көңіл бөлу керектігі туралы көп айтып отыратын. Димаш бұл кісілердің алғашқы немересі. Әжесі ұстаз болған адам. Димаштың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, қабілетін аша білген. Димаш бала күнінен мұғалімнен бөлек қатарластарына да "сіз" деп сөйледі. Бірге ойнайтын достарына "сіз" деп жүрді”, - дейді жұлдыздың ұстазы. 

Бастауыш сынып мұғалімі Димаштың ата-әжесі қарапайымдылықпен әрдайым үлгі көрсетіп жүретінін айтады. 

"Атасы көшеден көріп қалса тоқтап, машинадан түсіп, қолымды алып "қызым" деп амандасатын. Димаш жоғары сыныпта оқыса да, атасы көрген жерде үлкен ілтипатпен амандасады. Бізді бала деген жоқ, "Ұстаз" ретінде құрметтеді. Мен қатты ризамын. Бірінші, Алланың құдіреті. Екінші осындай әлем мойындайтын жетістікке жету - шыдамдылық пен ізденістің нәтижесі шығар. Ол бала күнгі арманына қол жеткізді", - дейді Димаштың ұстазы. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1996065-birge-oinaityn-dostaryna-siz-deitin-dimas-qudaibergennin-algasqy-ustazy-ol-turaly-erekse-estelikterin-bolisti/

pixel