Димаштың Қытайда көрсетілген суреттері алғашқы ұстазынан алынған болып шықты

Опубликовано:

Клара Қажығалиева
Клара Қажығалиева. Фото: Клара Қажығалиева мұрағатынан

Танымал әнші Димаш Құдайбергеновтің Қытай сахнасында көрсетілген бала кезіндегі суреттерінің бәрі әліппе үйреткен ұстазы Клара Қажығалиеваның мұрағатынан алынған. Тіпті Димаштың туған жерін іздеп келген шетелдік фанаттары да осы бастауыш сынып мұғалімін сұрақтың астына алатын болып шықты. Бұл жайлы Димаштың ұстазы KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

“Фанаттар “Димаш қандай бала болды?” деп көп сұрайды. Олар қанша айтсаң да, тыңдай беруге бар. “Сабақты қалай оқыды?", "Бойы қандай болды?", "Достары кім болды?” деген сұрақтарды тарқатып, мысалмен айтқанды жақсы көреді”, - деген Димаштың ұстазы қазір шәкіртінің фанаттарының да суретін жинап жүр. 

Қазір интернетте тарап кеткен Димаштың бала күнгі “Ақ көгершін” әнін айтып тұрған видеосы мен Қытай сахнасынан көрсетілген бала Димаштың суреттерінің барлығы осы ұстазынан алынған болып шықты.

“Singer” байқауында көрсетілген кішкентай Димаштың суреттерін мен бердім. Мамасы Света хабарласып, 9-турда балалық шағынан ақпарат керек екенін айтты. Сол кезде бір кассетаны ғана дискіге аударып үлгердім. Содан кейін бәрі менен Димаштың суреттерін сұрай бастады.

Барлық оқушымның балалық шағынан фото, видео бар. Мен ризамын. Димашым хабарласып тұрады. Бауырмал. Көргенде құшақтап алады. Мектепке келгенде көтеріп алып айналдырғаны бар. Сол сурет мектебімізде ілулі тұр. Қарапайым. Жасандылық жоқ. Жақсы көруді шынайы көрсете алады”, - дейді ұстаз. 

№32 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Клара Қажығалиеваның педагогикалық өтілі 33 жыл. Шетел асып, өзге мемлекеттерді мойындатқан дарынды шәкірттері көп. Осы уақыт ішінде 330 шәкіртке әліппе үйретіп, 12 сыныпқа жетекші болған. 

Тағы бір таңғажайып сәйкестік, Димаштың Ақтөбе қаласындағы 18 метрлік муралы алғашқы ұстазы тұратын үйге салынған. 

“Ол сурет басталғаннан-ақ Димаштың суреті болатынын жүрегіммен сездім. Сол күні таңда жұмысқа шықтым. Жаңбыр қатты жауып тұрды. Үйдің қасына кран қойған. Суреттің кеуде жағы салынып жатыр екен. Сұрайын десем, суретші биікте тұр.

Күнде жұмысқа шыққан сайын алаңдап қарап жүрдім. Қандай сәйкестік. Димаштың 18 метрлік әдемі муралы мен тұратын үйдің қабырғасына салынды. Қазір Димаш осы суретімен күлімдеп мені жұмысқа шығарып салып, қарсы алады”, - деді Клара Қажығалиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1996068-dostaryna-siz-deitin-dimas-qudaibergennin-algasqy-ustazy-ol-turaly-erekse-estelikterin-bolisti/