Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тойға жиі шыға бермеймін": Нұрмағамбетова шығармашылығы туралы сөз қозғады

Опубликовано:

Айжан Нұрмағамбетова
Айжан Нұрмағамбетова. Фото: aizhan_nurmagambetova_official

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова шығармашылығына байланысты сұрақтарға жауап беріп, көлемді сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айжан ханым, шығармашылығыңыздан бастайықшы. Қазіргі таңда сіздің әндеріңіз жастар арасында cover нұсқада да, театрсүйер қауым арасында да танымалдыққа ие. Жастардың бұлайша жаңғырып жатқанына ойыңыз қандай?

− Жастарды үнемі қолдап жүремін. Мысалы, жақында ғана эстрадамыздағы жас әнші ару Еңлік деген қызымыз менің репертуарымдағы "Мен деп ойла" әнін жаңаша нұсқада орындауға рұқсат сұрады. "Жарайды" дедім. Жалпы саны 200-ден астам әнім бар. Солардың ішінде "Кездесейік", "Ақ тілек", "Ақ жауын", "Қар жауып тұр", "Алғашқы махаббат", "Мен деп ойла" деген туындыларымды айтып жүргенін жиі байқаймын. Шет елдерде де шырқалып жүрген әндерім жастар арасында да орындалса несі жаман?!

Өте стилді әншісіз. Арнайы стилистіңіз бар ма? Әлде өзіңіз таңдайсыз ба?

− Менің өмірімде екі стилист болған. Біріншісі – анам. Ол кісінің қолы шебер еді. Мен мектепке елден ерекше болып барғым келетін. Формамның, фартугымның өзі ерекше болатын. Алтыншы сыныптан бастап, "мә, саған, машина! Өзің тігіп ки!" деді. Солай алтыншы сыныптан бастап өз-өзіме стилист болдым. Ал 20 жылдан астам менің дизайнерім – Сергей Шабунин. Мысалы, Құрманайдың кешіне киіп келген костюмімнің матасы шетелден өте қымбат бағаға әкелініп тігілген. Өмірдің үйреткені – сахна адамының киімі қарапайым адамнан өзгеше болу керек. Ал күнделікті киіміңнен сахналық киіміңнің арасында айырмашылық болуы керек. Мысалы, дәл осы костюммен сіздің қасыңызда тұрсам, халық бірден матасының өте қымбат екенін байқайды. Қалада екі-ақ адамда ғана осы матадан тігілген киім бар. Атын атамай-ақ қояйын. Ол кісінің қандай киім тіккенін білмеймін. Әлемдік моданы бақылай отырып, өзімнің стиліме сай келетінін таңдап аламын. Өзіме жарасқанын тігіп алу арқылы сәннің соңғы үлгісін Қазақстан эстрадасына жапсыруға тырысамын. Бармақтан суырып алмайсың. Өзгеден ерекше болғаныммен, бұл киімдерді өзім ойлап таппаймын ғой. Мұның барлығы – әлемде бар нәрсе. Бірақ сахнаның сәні мен үшін костюм де, образ да емес. Мен үшін бастысы – ән, соның ішінде мәтінінің мағыналылығы. Қазақтың поэзиясының саңлақтары Шөмішбай Сариев, Ибрагим Иса, Әбдірахман Асылбек сияқты ақындармен жұмыс істедім. Айтқым келгені, әншінің сәні – образ емес, ән!

Жеке шәкірт тәрбиелеп продюсерлік қызмет атқару жоспарда жоқ па?

− Бұл жоспар орындалып қойған. Ағымдағы жылы алтыншы маусымымен елді қуантпақшы болып отырған "Бақыт деген – сенің бала күндерің" деген балаларға арналған музыкалық фестиваль-конкурсым бар. Бір маусымда телевизиялық үш бірдей концерт түсіреміз. Қатысу жасы – 6 жастан 16 жасқа дейін. Бас продюсер ретінде балаларды өзім іріктеймін. Бек Оралбеков музыкалық продюсер ретінде балалардың вокалымен жұмыс істеп, репертуарын қояды.

Мақтанарлық шәкірттеріңіз көп шығар...

− Менің конкурсымнан шыққан балалар тіпті әлемдік байқауларда топ жарып жүр. Олар "Айгөлек" сияқты балалар әнін айтатын жасөспірімдер емес, кәдімгі шетелдік топ жұлдыздардың шығармаларын тамылжыта орындай алатын таланттар. Бізден шыққан бірнеше талапкер Өнер академиясына түсіп, тіпті алды тәмамдап жатыр. Осы жылы бас жүлдені жеңіп алған он алты жастағы бала Жүргеновтың студенті атанды.

− Instagram әлеуметтік желісінде аса белсенді емессіз. Уақыт жоқ па, әлде қызығушылық жоқ па?

− Оқырмандар саны аса көп емес. 108 мыңдай адам тіркелген. Жалпы әлеуметтік желіге тәуелді емеспін. Көп отырмаймын. Уақытым тапшы.

Өнерден басқа табыс көзі бар ма?

− Бизнесім де, басқа табыс көзім де жоқ! Тек осы шығармашылықтан ғана кіріс кіреді.

Қаржылық сауаттылыққа қалайсыз? Үстіңізге ілгеніңіз арзан емес екені көпке мәлім...

− Ақша мен үшін бірінші орында емес. Тойға да жиі шыға бермеймін. Долларлап гонарар тағайындап та көрмеппін. Гонорары пәленбай доллар болатын әріптестердің қатарынан емеспін. Ал киімге келер болсақ, өмірде маған не кисем де бәрібір. Үстімдегідей сәнді, әрі бағалы костюм, бұл – сахналық образ ғой. Ол ерекшеленіп тұруы керек. Әйтпесе, күнделікті өмірде кроссовкамен шауып жүре беремін. Ыңғайлы болса болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1997915-toiga-zii-syga-bermeimin-nurmagambetova-sygarmasylygy-turaly-soz-qozgady/

pixel