"Келінжан" телехикаясындағы Асылымды сомдаған актриса: Махаббатым үшін ауылға баруға дайынмын
Жарияланған күні:
Танымал "Келінжан" телехикаясындағы Асылым көпшілікпен жеке өмірінің құпиясын бөлісті. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген басы бос ару cүйгені жолықса, ол үшін ауылға баруға дайын екенін айтты.
- Сара, фильмнің түсаукесері құтты болсын. Асылым рөлі сізге не берді?
- "Келінжан" маған халықтың қошеметін, махаббатын сыйлады. Менің атымды, бейнемді көкке көтерген "Асылым" рөліне рахмет айтқым келеді. Осы рөлдің маған бұйырғанына қуаныштымын әрі өте бақытты адаммын десем де болады.
- "Келінжан" телехикаясынан кейін өзге де сериалдарға ұсыныс болды ма?
- Иә, ұсыныстар түсті. Бірақ осы рөлден шықпай, соңына дейін жеткізгім келді. Бүгін, міне, нүктесі қойылды. Енді басқа рөлдерді қарастырамын.
- Алдағы уақытта тек анаңыздың жобаларында бой көрсетесіз бе?
- Қалған режиссерлер шақырмайды. Тек анам ғана шақырады. Оның өзінде анамнан “Мені де түсіріңізші” деп сұрап алғанмын.
- Сіз сахнаға әнші ретінде шықтыңыз. Алайда халық сізді актриса ретінде қабылдап қалды. Әншілік өнеріңіз көлеңкеде қалды деп қорықпайсыз ба?
- Иә, әндерім дайын. Сахнаға жаңалықпен оралу жоспарда бар. Бірақ бейнебаян келесі жазда шығатын шығар. Әзірге бейнебаянды тоқтата тұрдым.
- Сараның басы бос екенін білеміз. Ал, жүрегі бос па?
- Жеке өмірімді мүлдем айтпайтын болдым. "Бақыт - тыныштықты сүйеді" деген сөз бар ғой. Ешкім білмегені дұрыс деп ойлаймын. Бұйырған күні жақсы жаңалық болады.
- Болашақта Асылым сияқты ауылға барып, келін болуыңыз мүмкін бе?
- Мүмкін. Махаббатым үшін ауылға баруға дайынмын. Жолдасым үшін, махаббат үшін басқа қала болсын, ауыл болсын, басқа елге қоныс аударуға да дайынмын.
- Сіздің салмақ тастағаныңызды білеміз. Әріптестеріңіз өз жетістігін сторителлинг арқылы баяндап, соңында курс немесе марафон сатады. Мұндай жоспарыңыз бар ма?
- Иә, белгілі уақыттың аралығында мақсат қойып, салмақ тастадым. Бірақ курс ашып, елге сату жоспарда жоқ. Әркім өз саласында жұмыс жасағаны дұрыс деп ойлаймын. Салмақ тастау үшін нутрицологтарға, фитнес-тренерлерге барып жеке кеңес алған дұрыс. Ал мен өнерде еңбек еткім келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1998901-maxabbatym-usin-auylga-baruga-daiynmyn-kelinzan-telexikayasyndagy-asylym-zeke-omirinin-qupiyasyn-bolisti-video/