Сауық Жақанова құрсағына біткен үшінші сәбиін өмірге алып келмегеніне өкініш білдірді
Жарияланған күні:
Қазақтың алтын дауысына айналған белгілі дикторы Сауық Жақанова өмірі жайлы сыр шертті. 40 жылға жуық уақыт диктор болған ардагер әңгімесінде өмірде өкінетін сәттерін де еске алды. Ол екі ұлынан кейін құрсағына біткен үшінші сәбиін өмірге алып келмегеніне өкініш білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Өмір бойы радиода жүргендікі ме, сол кезде біраз ауру меңдеп алды ма,құлағым қатайып барады. Күндіз-түні сол радиодан шықпайтын едік қой, радиациясы деген бар ғой. Әрине, кезекшілік бар, 6 сағат сайын ауысатын. Бірақ мен таңнан кешке дейін сонда жүретін едім. "Ана ағамыз өтініш жасады", "Мына мәтінді оқып жіберу керек" деген секілді өтініштерді жерге тастаған кезім жоқ.
Оның сыртында, бұрын барлық хабар тек диктордың дауысымен ғана жіберілетін эфирге. Жұмыс пен отбасыны қатар алып жүруге тырыстым. Балаларым кішкентай болған кезде балабақшада болды, сәл өскен соң мойындарына үйдің кілтін тағып беріп, үйге тастап кететінмін. Бірақ, көбінде жұмыста – радиода болдым. Балаға қарауға мұршам болмады десем де болады", - деп жан сырын ақтарды Сауық Жақанова.
Сонымен қатар өзінің түрлі мәселені реттеймін деген мақсатпен жүріп, үшінші сәбиін өмірге алып келмегеніне өкініш білдірді. Алтын дауысты диктордың айтуынша, ол үшінші сәбиін алдырып тастаған.
"Екі ұлым бар. Негізі кемінде үш балалы болу керек екен. Өмірден түйгенім ғой. Мұны қазіргі жастарға айтқан әжелік ақылым деп ұқсаңыздар да болады. Бала туыңдар! "Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі" деп атам қазақ айтты ғой. Сондықтан, әр баланың өз несібесі бар, өміріңді жалғастырады олар.
Үшінші бала туу керек екен дегенді неге айтып отырмын, себебі бір кезде елімізде үш бала былай тұрсын, бір баламен тоқтап қалған кез болды. Себебі ашып айтылған жоқ, бірақ отбасындағы екі адам қатар жұмыста, балаға қарауға, тамақ істеп, оның жағдайын жасауға, бақшадан алып кетіп, апаруға қолдары тимейді деген сылтау көп айтылатын. Оның үстіне қалада баспана мәселесі де бар, бір сөзбен айтқанда, түрлі сылтаумен бала туу тоқырап, туу көрсеткіші төмендеп кетті.
Өзімнің абысындарымның бәрінде бір бала. Мен де бір баламен шектеліп қалуым мүмкін еді, тек тұңғышым аурушаң болды. Соған серік болсын деп екіншісін тудым. Үшіншісін де туып алу керек еді деп әлі күнге өкінемін. Әйел адам үшін әрі жұмыс, әрі үй шаруасын қатар алып жүру, ата-ененің көңілін табу, бәрі де оңай емес. Менің да ата-енем қолымда тұрды. Екінші баланы көтерген кезде ұл болса екен деп тіледім. Тілегім қабыл болып, ұлды болдым. Үшінші баланы да туу керек екен, бірақ ұл емес, қыз туу керек екен (күлді).
Иә, Құдайдың бергеніне ешкім қарсы тұра алмайды, бермегеніне де нали алмайсың. Қазақы түсінікте, ұл әулеттің жалғастырушысы, шаңыраққа ие болып қалатын жан ретінде қарайды ғой. Әрине, аман болсын, бірақ ұлдан гөрі ата-анасына көбірек жанашыр болатын – қыз екен. Қыз ақылды болса, жолдасының да, өзінің де әке-шешесіне жағдай жасап үлгереді екен. Жалпы ер адамның алды тар, арты кең дейді. Алды тар деп отырғаны – ер адам шолақ ойлайды, ертеңіне аса алаңдай қоймайды. Ал ақылды әйел болса, соның бәрін бағамдап, көңіл бөліп отырады.
Үшінші бала құрсағыма бітпей қойған жоқ, бітті ғой. Алдырып тастадым. Бәлкім ол қыз болған шығар, кім білсін. Қазір күнде Алла Тағаладан кешірім сұраймын. «Алла кешіре гөр, біліп-білмей істеген күнәларымды кешіре гөр!». Тууым керек еді. Сонда бәлкім, қазіргідей қинала қоймас па едім... Қартайғанда жайыңды ойлар жан болмаса, қиналып кетеді екенсің", - деді Сауық Жақанова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2000822-sauyq-zaqanova-qursagyna-bitken-usinsi-sabiin-omirge-alyp-kelmegenine-okinis-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.