Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күнді жауып тастады": Елімізге танымал әнші есігінің алдынан биік үй соққандарға қарсы шықты

Опубликовано:

Жеңіс Ысқақова
Жеңіс Ысқақова. Фото: Видеодан кадр

Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына бір топ жұрт түбегейлі қарсы. Оның ішінде аты дардай халық әртісі Жеңіс Ысқақова да бар, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Кезінде қала шетінен жер алып, үй соққандар ауамыз тарылып, күн нұрынан да қағылып отырмыз деп налиды. Бір жыл бұрын басталған құрылыс алаңында 1500 пәтерлі 26 тұрғын үй соғылмақ. Әуелгіде жұрт мектеп, балабақша салынады деп үндемепті. Өйткені, бұл маңда әлеуметтік нысан жоқтың қасы. Ал әрқайсы 12 қабатты зәулім үйлер екенін естіген соң, қақпаған есігіміз жоқ деп отыр.

"Енді бізге түсетін күнді де, соғатын самал желді де жауып тастады. Біз үйден шыққанда қазір биік 12 этажды үйге қарап отырамыз. Қалай рұқсат бергенін білмеймін", - дейді әнші.

Расымен, қала шетіндегі ауданда екі көлік қатар жүретін жол жоқ. Жер көлемі 1500 отбасы үшін өте тар. Автотұрақтың да орны аз екенін мамандар растап отыр. Бірақ соған қарамастан компания мемлекеттік сараптамадан өткен. Архитектура және құрылыс басқармасы талонын берген. Тек халықтың рұқсаты қажет болмапты.

"Мен коммерциялық сұрақтарға нақты жауап айта алмаймын. Өйткені, тұрғындар өз үйлері үшін қанша сұрайтыны белгісіз. Егер олар нарықтағы құннан қымбат баға қойса, біз сатып ала алмаймыз. Әуелі жеке-жеке сөйлесіп алайық. Ал құрылыс тоқтамайды", - дейді құрылыс компаниясының өкілі Данияр Құсайынов.

Нұрлы-Таң көшесі қаланың шетінде орналасқан. Нұрлы деген аты болмаса, 12 қабатты ғимараттардың кесірінен күннің нұрына да зар болып отыр. Әуел баста жұрт шаһардың у-шуынан қашып, ауасы кеңдігіне қызығып көшкен еді.

"Үкімет сонда халыққа қызмет істеп жатыр ма? Әлде бизнесмендерге жағдай жасап жатыр ма? Осы сұрағымды депутаттар сіздерге, қала басшылығына, президентімізге жолдаймын", - деді әнші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2001255-kundi-zauyp-tastady-elimizge-tanymal-ansi-esiginin-aldynan-biik-ui-soqqandarga-qarsy-syqty/

pixel