"Атағы шыққан соң өзгереді": Гүлзира Айдарбекова неге басқа әншілермен жұмыс істемейтінін айтты (видео)
Жарияланған күні:
Гүлзира Айдарбекова - қазақстандық шоу-бизнестен ойып тұрып орын алған продюсерлердің бірі. Қайрат Нұртасты үлкен сахнаға алып шығып, өнерін қалың тыңдарманға танытып қана қоймай, оны жарық жұлдызға айналдырған ана KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Продюсер неліктен басқа әншілермен жұмыс жасамай жүргені сондай-ақ отбасы құндылығы, қоғамдағы ене-келін дауы туралы ойын бөлісті.
- Гүлзира ханым, Қайрат қазақ эстрадасында бренд болып қалыптасты. Енді басқа жас әншілердің жұлдызын жағу жоспарда жоқ па?
- Бұл жағын мен ойластырып көргенмін. Бұрын Қайратпен бірге Сырым Исабаев, Бақыт Алтайды, одан кейін тағы да басқа 1-2 жас әншілерді алып жүрдім. Бірақ, атағы шыққан соң олар міндетті түрде өзгереді. Сосын көңіл қалып қоюы мүмкін. "Өз балаң өзегінен тепсең де кетпейді" деген сөз бар. Сондықтан өз баламнан артық ешкімге жұмыс жасамағаным дұрыс шығар деп ойлаймын. Маған Қайраттың жұмыстарының өзі аздық етпейді.
- Мен де балама продюсер болғым келеді. Неден бастасам болады деп көмек сұрайтын аналар көп шығар?
- Концертке, той-жиынға барсам да көптеген аналар "менің ән айтатын қызым бар, ұлым бар" деп жолығып жатады. Продюсерлік жұмыс оңай емес. Сондықтан, мойныма артық жүк арқалағым келмейді. Бірақ көрген жерде батамызды беріп, тілекші болып жүремін.
- Берекелі отбасының басты қағидалары қандай?
- Ең басты қағида, сол отбасының төрт көзінің түгел болуы. Одан кейін абыройыңды жоғалтпай, сақтап жүру. Бір-біріне деген бауырмашылдық пен ауызбіршілік.
- Нұртас мырзамен 35 жыл қол ұстасып жүрсіздер. Аз да емес, көп те емес уақытта ыдыс-аяқ сылдырлайтын кездер болған шығар…
- Нұрекең екеуміз көп ұрыса бермейміз. Көбіне балалар тәтті қылықтары мен жұмыстарымызды айтып, сөйлесіп кетеміз. Мен өзім екі сағаттан артық ашулана алмаймын. Тек жолдасыма емес, барша адамдарға ұзақ ренжи алмаймын. Себебі, қысқа өмірде ит пен мысық сияқты ырылдасып өткім келмейді. Ең жаман деген адамның өзінде жақсы қасиет бар. Ал, ең жақсы деген адамда да жаман қасиет болады. Адамның жаман қасиеті өмірлік сабақ, ал жақсы адамдар қимасымыз сияқты. Маған біреу шетелге көш десе келіспейтін едім. Себебі, өзіміздің ақжарқын адамдарымызды қимаймын.
- Қазір үш келінге өнеге көрсетіп отырған енесіз. Қоғамда ене мен келіннің қарым-қатынасының кемшіліктері ел аузында. Неліктен ене мен келіннің дауы соншалықты трендте деп ойлайсыз?
- Негізі біздің кезімізде заң, заман мүлдем басқа болатын. Бізде жолдасыңның анасын ешқашан да жаман деп айтуға болмайтын. Өзіміздің анамыз енеге қарсы сөйлеуге болмайды деп тәрбиелейтін. Олар не айтса да заң болатын. Бірақ біз одан жаман болмадық. Ешқандай ана баласын бақытсыз болсын демейді. Ол үйдегі тілекшісі. Сол кісінің батасымен өседі. Бұрын үнемі келіндерді жамандаса, қазір көбі енеге тиісіп кетті ғой. Ертең сол адамдардың өздері ана, ене болады. Сол кезде түсінетін шығар. Бірақ арасында артық кететін енелерді де естіп жатамыз. Әркімнің санасына берсін деп айтамыз. Негізі қателік екі жақтан болады. Бірақ, келін мен ене тату болса ол әулеттің бағы еселенеді. Ене келіннің кемшілігін жасырса, оны келін түсініп, ол да үлкенге құрмет көрсетсе нұр үстіне нұр болады.
- Сіз ене көрген келінсіз және келін тәрбиелеп отырған енесіз. Екі сатыда да тәжірбиеңіз бар. Соны жинақтап, авторлық курс жасау жоспарда жоқ па?
- Қазір өмір көрмеген блогерлер кітаптан оқып, біреудің айтуы бойынша курс өткізіп, ақыл айтып жүр. Менің ойымша, отбасылық құндылық туралы ақылды көпті көргеннен сұраған жөн. Қазір барлығы ақша табудың күйі болып кетті ғой. Өмірдің қиналыстарынан қалай шығуды білмей жүрген қыз-келіншектер солардың оқуына барып, ақшасын төлеп, солар сияқты миллионерша болып кетемін деп ойлайды. Бірақ сол "миллионершамын" деп отырғандардың қалтасында көк тиыны жоқ. Өтірік видео түсіріп, халықты алдап жүр. Кейде соларды көріп жүріп, таң қаламыз. Жеке басымда ондай марафон-курс жасау жоспарда жоқ.
- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Әңгімелескен: Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2001329-atagy-syqqan-son-ozgeredi-gulzira-aidarbekova-nege-basqa-ansilermen-zumys-istemeitinin-aitty-video/