Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл сұрақ мені қатты мазалаған": Нұрлан Албан алғаш әке атанғанда неден қорыққанын айтты (видео)

Жарияланған күні:

Нұрлан Албан
Нұрлан Албан. Видеодан кадр: KAZ.NUR.KZ/Жанар Тайырқызы

Әлеуметтік желіде қоғамдағы түйткілді мәселелерге үнемі бейжай қарамай, үн қосып жүретін әнші Нұрлан Албан KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Әңгіме барысында өнер иесі еліміздегі қандай мәселелерге алаңдаушылық білдіретінін, сондай-ақ алғаш әке атанғанда неден қорыққанын ашып айтты.

- Нұрлан аға, сұхбаттасудың реті түскеніне қуаныштымыз. Жеке парақшаңызға шаңырағыңызда өрт шыққанын жазған едіңіз. Оның басты себебі неден болды және материалдық шығын көп пе?

- Өрттен кейін қолдау білдірген ағайын-тума көп. Барлығы "бай боласың", "жақсылық келе жатыр" деп жұбату сөздерін айтып, қолдауда. Ең ішім ашитыны - өртеніп кеткен музыкалық құрал-саймандарым. Олар қымбат тұратын еді. Бірақ құдайға шүкір ел аман, жұрт тыныш. Жақсы күн келіп жатыр. Өмір сүріп жатырмыз.

- Ал өрттен кейін қайта қалыпқа келтіру мақсатында жөндеу жұмыстарын жүргіздіңіз бе?

- Оны әлі қалпына келтірген жоқпын. Өртенген дүниені қалпына келтіру үшін қомақты қаржы керек. Ондай қаражат, ондай ақша қазір менде жоқ. Сол өртенген күйінше қаз-қалпында тұр. Ештеңе жасаған жоқпын. Қайта құрылыс бастаған жоқпын. Жан аман болса, өзім салмасам да, бала-шағам есейіп келе жатыр, бес жылда қайтып орнына келіп қалар.

- Жаңа Қазақстаннан қандай өзгеріс көрудесіз?

- "Ниет етпек пендеден, нәсіп етпек Алладан" деген қазақта жақсы сөз бар. Ниетіміз дұрыс болу керек. Жаңа Қазақстан деп шарқ ұрып, атойлап жатырмыз ғой. Жақсы болатын шығар деп үміттенемін. Жақсы сөз - жарым ырыс. Жаңа Қазақстан келеді деп ойлаймын. Жаңа Қазақстанды күтудеміз. Ол үшін аз-кем сабыр сақтау керек шығар.

- Бір сәт армандап көрейікші. Нұрлан Албан президент болса, қандай жұмыстарды бірден қолға алар еді…

- Бізге президент болу қайда. Ең бастысы, ақыл-ойымызды тазалап алсақ, ол да үлкен жетістік. Көп дүниені армандаймыз. Ең бірінші қазақ деген халыққа жанашыр болса, екіншіден қазба байлықтарымыз өзімізге тиісілі болса, үшіншіден қартайған ата-әжелерімізді қамқорлыққа алса, жалғызбасты аналар, көпбалалы аналар деп бөлмей, қазақ даласындағы барлық аналарға құрмет көрсетілсе - нұр үстіне нұр болар еді. Одан кейін жасөспірімдерімізге қолдау көрсетілсе деген де тілегім бар. Себебі, отан отбасынан басталады. Бойымыздағы патриотизмді ояту үшін біз жақсылықты бірінші үлкендер мен балаларға жасауымыз керек.

- Елімізге көрші елдің азаматтары үдере көшкенде қарсылық білдірген азаматтардың бірі өзіңіз едіңіз. Неден қауіптендіңіз?

- Егер біз мықты болсақ, діні, тілі, ділі бөлек өзге ұлтты бауырымызға басқаннан гөрі шетелде жатқан өзіміздің қандастарымызға жақсылық жасасақ мен қуанатын едім. Ал шет жақтан бізге кірме болып жатқан жандарға мен түбегейлі қарсымын.

- Нұрлан аға, сіз қандай әкесіз?

- Мен алғаш әке атанған кезімде бұл сұрақ мені қатты мазалаған және қорқыныш болған. Өйткені, менің әкем ерте қайтыс болып кетті. Алты жасымда әкем дүние салды. Нағыз әкенің қамқорлығы, тәрбиесі қандай болатынын мен аса қатты білмедім. Марқұм аяулы анам маған әке де, ана да бола білді. Мен ес білгенде ағалар мен апаларымыздан әке тәрбиесі қандай болу керектігін сұрап, үйрендім. Аллаға сансыз шүкір, маған берген үш перзент бар. Үшеуінің де тәрбиесі жаман емес деп ойлаймын. Ашық, көпшіл, ана тілдерін жетік меңгерген. Өзінің ойын еркін жеткізе біледі.

- Сөз соңында ақ жаулықты әжелеріңіздің қал-жағдайын білейікші.

- Әжелерімнің алды 87 жасқа келді. Арамыз үзілген жоқ. Қазақтың той-домалағында басымыз бірігіп тұрады. Бірақ, жаңа әндер жазылып жатқан жоқ. Әжелерім маған Алланың берген қуаттары. Анамның жоқтығын білдірмей мен үшін алақан жайып дұға жасап жүрген, кемшілігімді жұмсақ жеткізіп, артықшылығымды мақтаныш еткен әжелеріме Алла күш-қуат берсін деп тілеймін.

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2001739-nagyz-ake-tarbiesinin-qandai-bolatynyn-bilmedim-nurlan-alban-algas-bala-suigendegi-sezimin-eske-aldy-video/