Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Гармонияда жүргенім - Айқынның арқасы": Жұлдыз Өмірғали өнер жолында жұбайының рөлі туралы айтты

Опубликовано:

Жұлдыз Өмірғали
Фото: Instagram/zhuldyzomirgali_official

Жұлдыз Өмірғали соңғы кездері әншіліктен бөлек актриса ретінде жиі төбе көрсетіп жүр. Әнші отандық телеарналардың бірінен көрсетілетін телехикаяда ойнайды. Жақында болып өткен телехикая актерларының жанкүйерлерімен кездесуінде Жұлдыз Өмірғали KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. Онда әншінің жеке шығармашылығы, өнер жолындағы жұбайы Айқынның орны туралы сөз болды.

Жұлдыз ханым, сұхбатты шығармашылық жаңалықтан бастайықшы. Сізді қазір тек актриса ретінде көріп жүрміз. Болашақта әншілікті қайта қолға алу жоспарда жоқ па?

Иә, Алла қаласа әншілік бағытты қайта қолға алып, жұмыс жасауға ниеттімін. Қазір жаңа бір әніме аранжировка жасаудамыз. Лирикалық ән. Жуық арада тыңдап қаласыздар деп үміттенемін. Ал көктемнің аяғы немесе жаздың басында сол әніме бейнебаян түсіруге ниеттімін.

Қазір отандық арналардың бірінде көрсетіліп жүрген "Ақжауын" телехикаясында басты рөлді сомдайсыз. Бұл рөлге қалай келдіңіз?

"Ақжауын" телехикаясына арнайы шақыртумен келдім. Бірінші маусымды түсірген режиссер Дархан Саркенов мырза біздің алғашқы толықметрлі "Где мое кольцо?" фильмін түсірген еді. Сол кезде мені көріп, жұмыс жасау ұнаса керек, телехикая продюсері Әйгерім ханымға ұсынған екен. Шағын кастинг жасап көріп, осы Назымның рөліне мені тағайындады.

Телехикаядағы Назым мен өмірдегі Жұлдыздың арасында ұқсастықтар бар ма?

Басты ұқсастығымыз қырсықтығымыз шығар. Өзіміздің көздеген мақсатымызға жетпей тынбайтын мінезіміз де ұқсайды. Маған Назымның бойындағы өзі үшін емес, елі үшін бір істі бастап, еңбектеніп жүргені ұнайды. Менде сондай адаммын. Назым да, Жұлдыз да - табиғат жанашыры.

Болашақта қандай рөлдерді сомдауды армандайсыз?

Бұрыннан бері келе жатқан армандарымның бірі - тарихи фильмге түсу. Толықметражды тарихи фильмде еліміздің өсуіне еңбек сіңірген, тарихта қалдырған ізі бар тұлғаның образын сомдағым келеді.

Түсірілім мен отбасын қатар ұстау қиын емес пе?

Балалар дүниеге келген соң бір жыл үйде отырып, 100 пайыз өзімді арнадым. Ал кейін балалар өскенде олардың да басқа қызығушылықтары пайда болады. Қазір екі балам да балабақшаға барады. Сондықтан уақытым көбейіп, қолым босап, жұмыс жасауға көп мүмкіндік пайда болды.

Сізді жиі көріп тұрамын. "Гармониядағы ана" деп айтсақ артық емес шығар..

Рақмет. Бұл енді үйдегі отағасына да тікелей байланысты. Егер ол мені үнемі түртпелеп, мазалай берсе, арада түсінбеушілік болса әйелдің өнерде бағы жануы екіталай. Тіпті қаржылай қиындықтар болса ол анаға да, балаға да, отбасына да қатты әсер етеді. Менің гармонияда жүріп, жұмыс жасауым бірінші кезекте Айқынның арқасы деп білемін. Содан кейін менің еңбекқұмарлығым мен өнерді сүюім деп ойлаймын.

Үй шаруасы мен бала қарауда көмекшілеріңіз бар ма?

Иә, аптасына бір рет үйге келіп тазалық жағынан көмектесетін көмекшім бар. Ал бала күтушісінен бір жарым жыл бұрын бас тарттық. Себебі, екі балам да балабақшаға барады. Ал анда-санда ұзақ түсірілімдер немесе концерттік шаралар болатын кезде тәтемізге хабарласамыз. Тәтеміз деп отырғаным - бұған дейін балаларға қарап, көмектескен күтушіміз ғой. Туған тәтеміздей жақын болып кеткенбіз. Сол кісінің көмегіне жүгінеміз.

Махаббат бес жыл өмір сүреді. Кейін тек арада сыйластық қалады деген пікірмен келісесіз бе?

Жоқ, ол пікірмен келіспеймін. Қаншама ата-апаларымыздың махаббаттарына куә болып жүрміз. Махаббатты сақтау - ер мен әйелдің бірігіп жасайтын жұмысы деп білемін. Бір-бірінің қателігін бетке баспай, керісінше ақырындап айтып, түзеуге тырысу керек.

Әйел көп ақша тапса, ері диванда жатып алады деген де пікір бар…

Әр адамның табиғаты әртүрлі болады ғой. Бір ер адам бес жылдығын, енді бірі бес күндігін ғана ойлайды. Ер мен әйелдің өмірлік мақсаты бір бағытта болса екеуара бірігіп жұмыс жасау оңай болады деп ойлаймын.

Отбасында махаббатты сақтап, берекені арттыру үшін ерлі-зайыптылар не істеу керек?

Ең бірінші кезекте екі жан бір-бірін сүйіп қосылуы керек.

Өзіңіз психологтармен жұмыс жасап көрдіңіз бе? Жалпы психологтардың қандай көмегі бар деп ойлайсыз?

Өмірімде бір рет қана бардым. Одан кейін барған емеспін. Көмектеспейді деп айтпаймын. Бірақ әр адам өзі күнде жаңа ой, пікір қалыптастырады. Өзінің өмірін өзі саралап шешуі керек деп ойлаймын.

Бір кездері резинарт бизнесін бастаған едіңіз. Қазір ол бағытты қаншалықты дамытудасыз?

Иә, уақытша тоқтап тұр. 2023 жылы қайта қолға алсам деген ойым бар. Әзірге қашан бастайтынымды жоспарламадым.

Өзіңіз жасаған сағат немесе қолөнерлерді саттыңыз ба? Ең қымбаты қаншаға бағаланды?

Мен өзімнің қолымнан 30-дан астам сағат жасап шығардым. Сағаттың ең қымбаты 50 мың теңге болды.

Сұхбатыңызға көп рақмет! 2023 жыл сіз үшін табысты болсын!

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2005411-garmoniyada-zurgenim-aiqynnyn-arqasy-zuldyz-omirgali-oner-zolyndagy-zubaiynyn-roli-turaly-aitty/

pixel